Нәтижелі істер атқарылды
Қазіргі кезде аймақтың медиа кеңістігінде 103 бұқаралық ақпарат құралы бар. Олардың 8-і электронды, 6-ы ақпараттық агенттік. Ал, қалған 89-ы мерзімді басылымдар саналады. Сонымен қатар, биылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен журналистердің білімін арттырып, кәсіби біліктілігін шыңдау мақсатында арнайы әлеуметтік жоба қолға алынды. Аймақтың жас қаламгерлеріне елімізге танымал, аталған салада тәжірибесі мол білікті мамандар келіп, дәріс беруде.
– Бүгінде облыста 1042 үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Оның ішінде жұмыс істейтіндер саны 454-ті құрап отыр. Қазіргі кезде 148 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздары өңірдегі студенттермен жүздесу ұйымдастырды. Ал, журналистер арасында TALKS жүйесінде кездесу өтті. Сонымен қатар, осы айдың соңында облыстық «Жомарт жүрек» шарасының қорытындысы болады. Шара барысында байқаудың қалалық және аудандық кезеңінде жеңімпаз болғандар арасынан 5 үздік анықталады, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сыр өңірінде тіл саясатын іске асыру жоғары деңгейде жүргізілуде. Атап айтсақ, «Үштілділікті насихаттау», «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру» секілді ірі жобалар қолға алынған. Ал, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекет және бюджет саласының қызметкерлері тестілеуден өтті.
Облыста діни ахуал тұрақты. Бүгінде 185 діни ұйым, оның ішінде 11 жергілікті діни бірлестік, 174 мешіт қызмет атқарады. Ақпараттық-түсіндірме топтары құрылып, олар аймақтағы діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында жұмыс істеуде. Мәселен, жыл басынан бері осы салаға байланысты 1601 шара өткізілген.
Басқарма басшысының айтуынша, мемлекеттік рәміздердің стандартқа сай қолданылуын зерделеу мақсатында 301 мекемеге тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 58 мекемеден кемшілік анықталып, олар заң талабына сай ретке келтірілді.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА