«Парасатты отбасы» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды
Қызылорда қаласындағы Е. Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған № 4 облыстық мектеп-интернатында «Парасатты отбасы» байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Бұл шараны облыстық білім басқармасы мен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті бірлесе ұйымдастырды.
«Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесі аясында «Парасатты отбасы» бейнеролик байқауы парасатты отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, парасатты тұлғаны дамыту, қайырымды оқушыны анықтау мақсатында өткізілді.
Байқаудың облыстық кезеңінде қатысушылар «Менің отбасым» тақырыбында бейнероликтер әзірледі. Бейнесюжеттер арқылы сайыскер отбасылардың еңбектегі, оқудағы жетістіктері мен отбасылардың әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларға қаншалықты мән беріп, бос уақытын қалай өткізетіндігі жайында пайдалы да өнегелі мәліметтерді ұсынды.
Байқау шарты бойынша қатысушыладың балалары қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын, спорт немесе өнермен шұғылданатын, ата-ана тәрбиесін қоғамдық өмірде көрсете алатын, көптеген әдеби-публицистикалық әдебиеттерден хабардар болуы тиіс.
Ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін бейнероликтер байқауының аудандық, қалалық кезеңдері өткізіліп, үздік деп танылған бейнеролик облыстық кезеңге жіберілді.
Бейнероликтер ішінде талапқа сай үздік деп танылған Арал ауданы № 14 орта мектептен Б. Жандәулетовтер отбасы бірінші орын алды. Ал, Қазалы ауданы Е.Бозғұлов атындағы № 249 мектеп-лицейі атынан Ә.Жарылқасынов отбасысы 2 орынды, Жаңақорған ауданы № 163 мектептен А.Салыбековтер отбасысы 3 орынды иеленді.
Рашид ТҰРАРОВ