Сол жағалауды игеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Соңғы 3,5 жылда Қызылорда облысында 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов мәлімдеді.
– Биылдың өзінде 48 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде– 2000 пәтер, оның 1738 пәтерлік 40 тұрғын үйі жыл соңына дейін, оның ішінде қазір қарқынды құрылысы жүргізіліп жатқан Сырдария өзенінің сол жағалауындағы "жаңа қалада" іске қосылмақ. Бұған дейін облысты абыроймен басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Елбасы тапсырмаларын, Мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде “Нұрлы жол”, “Нұрлы жер” бағдарламаларын оңтайлы, сапалы әрі уақтылы орындау мақсатында сол жағалауда жаңа қала салу туралы бастама көтерген болатын. Сол жағалауды игерудің бастамасы ретінде Сырдария өзенінің екі жағалауын ұштастыратын жаңа көпір іске қосылды, – деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
2018 жылы сол жағалауда 1925 жылы ұлтымызға қазақ атауын беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитеті бұрынғы ғимаратының сызбасы негізінде қаланған Рухани жаңғыру орталығы бой көтерді. Биыл Жастар ресурстық орталығы пайдалануға берілді.
Жеке инвесторлардың күшімен сол жағалауды дамыта отырып, мемлекет үшін де, бизнес үшін де ауқымды, тиімді жоба іске асырылуда. Бюджет есебінен тек инженерлік коммуникацияларын тарта отырып, өткен жылы инвесторлар есебінен тұтастай шағын аудан салынды.
«1064 пәтерлік 22 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді, оның 14 (604 пәтер) жеке инвесторлар салды. Одан бөлек, 1190 пәтерлік 28 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жаңа қаланың жас отбасыларына жағдай жасау үшін 320 орындық балабақша салынды. «Болашақ» университетінің кампусы ашылды. Алдағы жылдар ішінде бұл жерде Неке Сарайы, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты мен жатақханасы, жабық көпсалалы футбол манежі, музыкалық драма театр, көпсалалы аурухана, сауда-жәрмеңке кешені және тағы басқа нысандар бой көтереді», - деді аймақ басшысы.