Қызылордада көлік иесі жаяу жүргіншілер жолында адам қақты
Қызылорда қаласындаы Астана даңғылы бойында 22 қараша күні сағат 20:05 шамасында «Опель Омега» маркалы автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргінші жолағында өтіп бара жатқан жүргіншіні қаққан.
Салдарынан ол азамат медициналық мекемеге жеткізілді. Кінәлі автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында анықталып, уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Сараптамалар тағайындалды.
Аталған дерек бойынша Казақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 2-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
«Қызылорда облысы Полиция департаментімен облыс көлемінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оларды төмендету мақсатында қажетті кешенді іс-шаралар қабылдануда. Атап айтсақ, облыс орталығындағы мектеп аумақтарындағы жаяу жүргінші өткелдерінде 10 жерге балалардың суреті бейнелеген макеттер және 20 жерге «кошачий глаз» шағылыстырылатын ескерту жол белгілері қойылды.
Бұдан бөлек, жол апаттарының көптеп орын алатын аумақтарында патрульдік полиция нарядтарының тығыздығы ұлғайтылып, күндізгі және кешкі уақытта полиция нарядтарының саны көбейтілді. Нәтижесінде 1 полиция нарядымен күндізгі уақытта 62, кешкі уақытта 56 шақырым автожол учаскесі қамтылады. Республикалық маңызы бар тасжолдарға да ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қосымша ұсыныстар енгізілді. Оның ішінде, үй жануарларының қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларын болдыртпау мақсатында жолдың екі жағына темір қоршауларын орнату, облыс орталығында жол қозғалыс ережесін бұзушылықты автоматты түрде тіркейтін 45 жүйе («Зияткерлік қиылыс – 25 дана», «Жылжымайтын жылдамдық өлшеуіш құралдары – 20 дана») орнату жөнінде ұсыныс берілді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.