Жаңа мүмкіндіктер көкжиегі
Сыр өңірінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ХІ Халықаралық «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен өткізілді. Аталған шара «Қызылорда: тұрақты өрлеу, инвестициялық ынтымақтастықтық үшін жаңа мүмкіндіктер» атты тақырыбында өрбіді.
Форум аясында жалпы құны 100 млрд. теңгеге жуық жобаны жүзеге асыру үшін 25 меморандум, 1 келісім-шартқа қол қойылды. Олардың қатарында өнеркәсіп саласында 14, агроөнеркәсіптік секторда 9, мемлекеттік – жекешелік әріптестік бағыты бойынша 3 инвестициялықжобаны жүзеге асыру туралы меморандум бар. Жиынға шетелдік және отандық бизнес-қауымдастық өкілдері, инвестициялық компаниялардың басшылары арнайы келді.
Форум барысында пленарлық отырыс пен кездесулер, әр салаға қатысты секциялық жиындар, инвесторлар мен жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Байқоңыр «АЭА-жобаларды іске асыруға арналған перспективалы алаң», «Ауыл шаруашылығында фермерлікті және мал шаруашылығы кластерін дамыту мүмкіндіктері», «Мемлекеттік – жекеменшік әріптестікті дамыту перспективалары» тақырыбында баяндама оқылды.
– Алғаш рет «Baikonyr Invest» форумы 2013 жылы өткізілді. Алдыңғы 10 форумның нәтижесі бойынша 130-дан астам меморандумға қол қойылды. Аймақ экономикасына қомақты инвестиция тартылды. Сыр өңірінде тиімді логистикалық жағдай қалыптасқан. Бүкіл облыс арқылы Сырдария өзені оның бойымен теміржол және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің 800 шақырымнан астам ең үлкен учаскесі біздің өңір арқылы өтеді, – деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Сонымен қатар, форум қатысушылары «Байқоңыр» ғарыш айлағы және «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне экскурсиялық саяхат жасады.
«Ақмешіт-ақпарат»
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ