Сеитовтер отбасында атұстар дүниеге келді
Әскери қызметші үшін жұмысты абыроймен атқарып қана қоймай, үлгілі шаңырақ иесі бола білу де жауапты міндет. Осы мақсатта, Қызылорда облысының қорғаныс істер жөніндегі департаментінің ұжымы қуанышты жаңалықты хабардар етпек.
Қорғаныс істер жөніндегі департаменттің жұмылдыру басқармасына жақында тағайындалған майор Н.Сеитов 10 жылдан кейін екінші рет әке атанды. Тұңғышы Жанболаттан кейін дүниеге келген қамшы ұстарға Алаш арысы Әлихан батырдың есімі қойылды. Офицер Нұрболат Кендебайұлы мен жары Эльзира Жолдасбекқызының ниеті, мақсаты – екі ұлының да ҚР Қарулы Күштеріне адал қызмет атқаратын мықты офицер болуы!
Қорғаныс істер жөніндегі департаменттің Тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы – департамент бастығының орынбасары подполковник А.Жакиповтың айтуынша, әріптесіміз майор Нұрболат Кендебайұлы 10 жылдан астам қызметтік өмірін ҚР Қарулы күштеріне арнаған өз ісінің білікті маманы. Соның бір дәлелі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті әскери кафедрасы бастығының орынбасары – оқу бөлімінің бастығы болған. 800-ден астам запастағы офицерлерді, 200-ден астам запастағы сержанттарды әскери дайындықтан өткізген. 2017 жылы әскери кафедрада оқу орнының тарихында тұңғыш рет 12 қыз бала «қаржылық қамтамасыз ету» әскери есептік мамандығы бойынша «запастағы лейтенант» әскери атағын алып шыққан.
Әскери қызметте басқаларға үлгі бола білген майор Н.Сеитов балаларын елге жанашыр, тәртіпті, білімді азамат етіп тәрбиелейтіні сөзсіз. Демек, ҚР Қарулы Күштер санына бір Отан қорғаушы қосылды. Нұрболат Кендебайұлына Қызылорда облысының қорғаныс істер жөніндегі департаментінің қызметкерлері «елге тірек болар, мақтан тұтар ұрпағыңыз көп болсын, шаңырағыңыздан шаттық кетпесін» деп тілек білдіруде!
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі
департаментінің баспасөз қызметі