«Абай-Дәулет» жшс республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері атанды
Бүгін, Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен Республикалық «Жомарт Жүрек» сыйлығы лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
«Жомарт жүрек» сыйлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған бірегей жоба. Сыйлықтың негізгі мақсаты – қоғамдағы әлеуметтік маңызды істерге белсенді азаматтарды тарту, туған өлкенің дамуына өз үлесін қосатын бастамашыл, іскер жандарды халық арасында дәріптеу. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық және басқа да салалардағы әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру. Аталмыш сыйлық «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Ерен ерлігі», «Үздік ұйым» аталымдары бойынша табыс етілді.
Сонымен қатар, аталған ережеге сай өңірімізде алдымен құттықтау рәсімінің аудандық, қалалық кезеңдері өтіп, аталған кезеңдерден үздік деп танылған 40 үміткер байқаудың облыстық кезеңіне ұсынылған болатын. Облыстық комиссияның шешімімен 6 номинация иегері анықталып, олар жобаның республикалық кезеңіне ұсынылды.
Республикалық кезеңге Қызылорда облысынан ұсынылған «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәрсенбаев Мұрат Абайұлы республикалық комиссияның қорытындысымен еліміздің ең үздік «Жомарт жүрек» азаматы атанып, «Жыл меценаты» номинациясымен марапатталды.
Сондай-ақ, Мұрат Абайұлының республикалық деңгейде «Жыл меценаты» номинациясымен марапатталуы Сыр өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында атқарылып жатқан мақсатты жұмыстар мен елеулі істердің нәтижесін көрсетіп, Сыр өңірінің мерейін бір асқақтатты.
Мұнан өзге, М. Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, еліміздің жан-жақты дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
«Абай-Дәулет» ЖШС директоры Сәрсенбаев Мұрат Абайұлын «Жыл меценаты» номинациясымен және «Құрмет» орденімен құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы абыройлы қызметіне табыс тілейміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміздің мәртебесі әрқашан биік болсын.