Отан.Тәуелсіздік.Мәңгілік ел!
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне және Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толуына Облыстық жастар орталығы ғимаратында «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Қызылорда облыстық филиалы әскери-патриоттық клубтары тәрбиеленушілерінің «Отан.Тәуелсіздік.Мәңгілік ел» атты АНТ қабылдау шарасы өткізілді.
Шараға Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығының орынбасары подполковник Жакипов Алмат Алмасұлы, Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жанұзақов Қуаныш Қуантқанұлы, Ауған соғысының ардагері, Қызылорда облыстық "Ерлік" үйлестіру кеңесінің төрағасы Қайраддин Баймаханов, Тәжік-Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Марат Орынбайұлы және т.б. ардагерлер қатысты.
Шара барысында 20 жас сарбаз тәрбиленушілері Қазақстан Республикасының Ата заңы мен басқа да заңдарды қатаң сақтауға, еліміздің келешегі – жастар арасында елімізге деген патриоттық рухты, тәртіптік-тәрбиелік жұмыстарды, білім беру, жастардың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуіне, өз Отанымыздың, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға, өздеріне жүктелген мәртебелі міндеттерді адал атқаруға, Отанымызды қорғауға салтанатты түрде ант қабылдады.
Сонымен бірге, салтанатты шарада белсенді жас сарбаз тәрбиеленушілері Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Қызылорда облыстық филиалының алғыс хаттарымен марапатталды.