Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай бүгін Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында өткен шараға Ауған соғысының ардагерлерімен қатар, аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, "Сырдария ауданының әйелдері" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова, аудан әкімінің баспасөз хатшысы А.Ибрагимұлы, Жергілікті полиция бөлімінің басшысы А.Мұстафаев, аудандық қорғаныс істері бөлімі басшысының орынбасары Г.Тайшаев, аудандық жұмыспен, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары А.Мұхан және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев Ауған соғысы – адамзатты алаңдатқан зұлматты соғыс ретінде тарихтан өз бағасын алғанын атап өтті.
– Тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған Ауған соғысына ауданымыздан да бірқатар азаматтар қатысты. Бүгінде олардың 18-і ортамызда жүр. Оларға әлеуметтік қолдау көрсету, ерліктерін насихаттау – біздің басты назарымызда. Аудан мектептерінде Сіздердің қатысуларыңызбен өткізіліп жатқан түрлі іс-шаралар, кездесу кештері соның дәлелі. Сонымен қатар, жыл сайын Жеңіс мерекесі, Отан қорғаушылар мерекесі Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен өткізілуде. Ауданның 90 жылдық мерейтойына орай бірқатарыңызға мерекелік медаль берілді. Мұның бәрі – Сіздердің ерліктеріңізге көрсеткен құрметіміз,- деген Димаш Серікбайұлы жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беруде Ауған соғысы ардагерлерінің орны ерекше екенін жеткізді.
Сонымен қатар, аудан әкімінің атынан "Алғыс хат", естелік сыйлықтар мен "Сырдария ІІ" кітабын табыс етті.
Іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, "Сырдария ауданының әйелдері" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді. Өз кезегінде Ауған соғысының ардагерлері атынан Ж.Нарымбетов атқарушы билік өкілдеріне алғыстарын айтты.
Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.