Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «Сыр елінің жаны нәзік гүлімін...»

«Сыр елінің жаны нәзік гүлімін...»

  Сыр елінің жаны нәзік гүлімін,
Қорқыт ата қобызының үнімін.
Аптап ескен қызуы мол күнімін,
Сыр ақтарсаң ғажайып бір түнімін – деп жырлаған Сырдың ақиық ақын қызы Қаршыға Есімсейітова 60 жасқа толып отыр. Қазақстан телерадио академиясының «Алтын жұлдыз» иегері атанған тележурналистің мерейтойы кең ауқымда тойланды.
Ақын деген алпауыт өнердің шыңына шығып, журналистика саласының биігін бағындырған кейіпкеріміз халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Ол бала күннен күнделік жазуға құштарлығы артып, алғашқыда шағын туындыларды жарыққа шығарды. Мектепті үздікке бітірген ол арман қуып Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика мамандығына оқуға түсіп, журналистика саласының марғасқалары Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев, Намазалы Омашовтан білім алды. Сол кездері ұстазы Т.Амандосов қыз баласына журналистика мамандығына оқуға түсуге қарсы екен. Оларға қазақ тілі әдебиеті мамандығына ауысыңдар деп қанша айтқан көрінеді. Десе де, қайтпас қайсарлығының арқасында Қаршыға Құрмашқызы сол мамандықтың шыңына жетіп, ұстазының батасын алды.
Ақындық өнерімен қатар жазуға деген ынтасы қалың жұртты өзіне қаратты. Осылайша жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Алматыда 23 жыл еңбек етті. Кейіпкеріміз «Қазақ­стан пионері» газетінде, «Қазақстан мектебі» журналында, республикалық халық шығармашылығы орталы­ғында қызмет атқарды. Сондай-ақ, Қазақ радиосының «Балалар мен жастар» «Қаламгер» әдеби», «Шалқар» бас редакцияларында 13 жыл бас редактор болды. Осындай үлкен мектепте шыңдалып, тәжірибе жинақтаған кейіпкеріміз бүгінде «Өмір мектебім» деп еске алады. Өйткені, ол оған қаншама сыйлы ортамен араласып, әріптес, дос, табуға септігін тигізді.
Қазақта «Көп жасағаннан емес, көпті көргенен сұра» деген тәмсіл тектен текке айтылмаса керек. Ақынның өмір жолында кездескен естен кетпес қызықты оқиғасы көп. Оның тебірене еске алар ең әсерлі кездесуі Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алуы. Барлық сауалға байыпты жауабын айтқан Елбасыға журналистер енді қандай сұрақ қоярын білмеді. Сонда Қаршыға Нұрсұлтан Әбішұлынан үстіндегі киіп тұрған киімінің қандай мағана беретінін сұраған еді. Елбасы бұл сауалға да көңілге қонымды пікірін білдірді. Осы сәт кейіпкеріміздің әлі күнге дейін көз алдында. Қазақ қызына тән қайсарлығы басым оның журналистика саласында жұлдызы жанып, еңбегі бағаланды. Атап айтсақ, Қазақ радиосында қызметте жүргенде Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» иегері атанды.
     Қ.Есімсейітова араға бірнеше жыл салып, туған топыраққа қайта оралды. Сөйтіп, облыстық телеарнаға редактор қызметіне орналасты. Өзін жаңа қырынан таныта білген тележурналист аз ғана уақыттың ішінде телевизия саласының сәніне айналды. Облыстық телеарнада 20 жылдың бедерінде қалтқысыз қызмет етіп келеді. Осыған дейін «Жыр ошақ», «Өлең сөздің патшасы», «Руханият», «Туған өлке», «Көкжиек», «Алтын қазық», «Мирас», «Көненің көзі – тарихтың өзі», «Әлқисса», «Ақсарай», «Сіз қайдасыз?» сынды мазмұнды хабарлар дайындады. Осылайша көзі қарақты көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Қашанда еңбек пен ізденісті жанына серік еткен журналист тарихи оқиғалар мен әйгілі адамдар жайлы «Таңбалы тас», «Қорқыт», «Мұстафа Шоқай», «Бабалар жолымен», «Алаш ардақтылары», «Жалаңтөс – Әмір, қолбасшы, баһадүр», «Қауышу», «Даналық ізімен» атты деректі фильмдерді ел назарына ұсынды. Ал, «Сыр өнерінің тұлғалары» деп аталатын он сериялы циклді хабарлары –телеарнаның алтын қорын байыта түскен айтулы туындылар.
Қашанда халық «Қара сөз қадірін білгенге – қазына, қолдана білгенге –құт» деп бағалайды.  Қазақтың күпі киген қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған хәкім Абай жырларының жалғасындай ақындар барда, арда мұң, алғаусыз сыр болып төгілген жырлар таусылмасы анық. Сөз қадірін өз қадіріндей биік ұстаған ақынның өмірлік қағидасы да тағылымға толы. Өлең – оның өмірі,  нәзік те сыршыл сезімінің айнасындай. Өнер қолдаушысы барда ешқашан өлмейді. Бүгінде жүрегінен жарып шыққан шуақты жырлар көптеген сазгер-композиторлардың шабытына арқау болып, сезімге толы әндері тыңдарман қауымға жол тартты.
Облыс көлеміне ғана емес, еліміздің журналистика саласына өз қолтаңбасын қалдырған Қаршыға Есімсейітованың мерейтойы Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрында тойланды. Оған жер-жерден зиялы қауым өкілдері, айтулы ақындар мен танымал журналистер қатысты. 
Ең алдымен жыр кешінде қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Жақып, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының директоры Аманжол Оңғарбаев сөз алды. Мерейтой иесіне қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың алғыс хаты табысталды.
– Қаршыға Есімсейітова аймағымыздағы журналистика саласының жандануына, өнерінің өрге жүзуіне, әдебиеті мен мәдениетінің өріс алуына өзіндік үлес қосып келеді.  Бұл кісі – шынайы шығармашылық иесі. Телеарна саласындағы еңбегіңіз бір төбе. Соның ішінде тікелей эфирді сезіне білу – үлкен жауапкершілік. Осындай үдеден шыға біліп, көрерменге тағылымды, мазмұнды бағдарлама ұсынып, сөз қадірін ұғындырып жүрсіз, – деді М.Қазбекова.
Тағылымды кеште ақынның «Менің әлемім», «Боз даланың үні» атты екі кітабының тұсауы кесілді. Осылайша ішіндегі мұң мен сырды өлеңге айтып, соған жан сырын төккен кеш иесінің шығармалары оқырманға жол тартты. Қаршыға апай бұған дейін де лирикаға толы сырлы өлеңдерін «Жалын» альманағында жариялады. Сондай-ақ, өлеңдері «Отан деп соққан жүректер», «Тұмар», «Жүректегі жауһарлар», «Киелі Сыр», жинақтарына, «Сырдария кітапханасының» 200 томдық сериясына енді.
–  Қолымнан қаламды тастаған емеспін. Селт еткен ойды, жылт еткен сәулені қалт жібермеуге тырысамын. Сонымен қатар, осы кезге дейін өлең мен журналистиканы бөліп қараған жоқпын.  Өйткені, мен үшін екеуі – егіз ұғым. Елдің көбісі журналистиканы қыз балаға ауыр деп жатады. Әрине, журналистика – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық. Өмірімнің жалғасы ұлым – Асқардан екі немере сүйіп отырмын.  Ал, қызым – Ақжібек бүгінде өз жолын тауып, өмірлік серігі Нұрғали екеуі ұл-қыз тәрбиелеуде. Бұл өмірде ата-ананың парызын өтеуден асқан үлкен бақыт жоқ шығар, сірә. Анам – Рсалды 69 жасында өмірден озды. Ал, нағыз шежіреші, он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері, жер-су атаулының тарихын жатқа білетін әкем Құрмаш тоқсанның төріне шықты. Бүгінгі кешімнің қадірлі қонағы болып төрде отыр. Ол кісіден әлі де көп нәрсе үйренсем деймін. Жалпы, әке-шешем дүниеге 12 ұл-қыз әкелген. Ағаларым Піржан мен Құрманғазының дүниеден өткеніне ондаған жылдың жүзі болды. Қалған бауырымның ортасында, кіндік қаным тамған атамекенім – Сыр өңірінде халқыма әлі де қызмет ете берсем деймін, –  деді кейіпкеріміз.
Әріптестері Қаршыға апамызды іс-сапарға ең жиі шығатын және ешқашан шаршамайтын тележурналист ретінде бағалайды.  Оның тау мен тасты, даланы кезген сәтіндегі ұмытылмас қызықты оқиғалары да жетерлік. Мәселен, Арал ауданына барғанда жолда көліктің дөңгелегі жарылып, діттеген жерге оператор екеуі жаяулатып жеткені әлі күнге дейін есінен шықпайды. Тапқырлығының арқасында жолай сюжет түсіріп, оны да көрерменге әдемі жеткізе білген. Сондай-ақ, Сыр өңірінің тарихын насихаттауға, қазақтың тарихи тұлғаларын ел жадында жаңғыртуда қаламы жүрдек журналистің еңбегі ұшан-теңіз. Атап айтсақ, Жалаңтөс баһадүр көп жылдар әмірлік еткен Самарқан жеріне, Әйтеке би жерленген Нұрата тауына барды.
Кеш иесі Қаршыға Есімсейітова марапат төрінен көрінді. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық «Қызылорда» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала құттықтады. Сондай-ақ, облыстағы барлық аудан әкімдері мерейтой иесіне құрмет көрсетті.
Ақын жырларын өскелең ұрпақ жатқа тебірене оқиды. Рухани мазмұнға толы кеште бір топ студент сахна төрінде ақынның жырынан шашу шашып, Сыр өнерпаздары сөзіне жазылған әндерін орындады. Осылайша Қаршыға Есімсейітованың мерейлі мерейтойы жоғары деңгейде тойланды. Олай болса, жыр кеші қара сөздің қадірін білетін күллі көрерменнің жүрегінен орын алғаны сөзсіз.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА
 
24 желтоқсан 2019 ж. 800 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 441 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам