Абай өлеңдерін жаттаған Нұрай
Әуре етеді ішінен қулық сақтап,
Өзіңе сен өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап.
Аталмыш өлең жолын қаладағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Нұрай Өмірзақова өмірлік ұстанымым дейді. Солай тек өз күшіне, біліміне, ақылына бағынуды құп көреді. Ал ұлы ақынның шығармаларымен ол алғаш бастауыш сыныпта танысқан. Небәрі үшінші сыныпта оқитын өрімдей қызды содан бері ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық жолы қызықтырған көрінеді. Осылайша оның мұраларын өз бетінше көкейге тоқи бастаған.
– Ең алғаш рет 3 сыныпта ата-анамның нұсқауымен «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыдым. Шынымды айтсам, шығармаға зер салған сәттен-ақ қызығушылығым оянды. Ондағы әрбір оқиғаға ден қойып, алда не болар екен деген ой том-том шығарманы соңына дейін оқуыма себеп болды. Ал туындыны оқи отырып, Семей өңірін, «Құнанбай ауылы» атанған аумақты, ақын тұрған үйді, оның жолы түскен орындарды көру арманыма айналды. Әрбір адам мақсатын жету үшін тынбай еңбектенеді емес пе? Мен 5 сыныпта оқығанда «Абай оқулары» республикалық байқауы болатынын білдім. Солай оған қатысуға бел будым. Әрі әдебиет пәнін оқытатын ұстазым «егер осы байқауда жеңсең, Семейге барасың» деп жігерлендірді, – дейді зерек қыз.
Сол жолы зейінді жас өрен аталған сайыста бағын сынауды жөн санайды. Жеңіске жетуді көздейді.
– Сол кезде менің екінші тынысым ашылғандай болды. Арманға жетуге құлшыныс, еңбек пен талап мені талпындырды. Сөйтіп екі айда ұлы ақынның 150-ге жуық шығармасын жаттадым. Соның нәтижесінде аудандық және облыстық кезеңде топ жарып, І орынды жеңіп алдым. Ал 4 айдан соң республикалық байқауға Абайдың 200-ден аса, Шәкәрімнің 60 шақты шығармасына дайындалып, дипломант атандым. Осылайша бала арманым орындалды. Ұлы ақынның туған жеріне табан тіреп, тұрған үйін көрдім. Семей шаһарына экскурсия жасадым. «Абай оқулары» дәстүрге айналған байқау. Соның аясында әрі ұлы ақынға деген шексіз құрметім есебінде ол туған өңірге биыл екінші мәрте аяқ бастым, – деді Нұрай бізбен әңгімесінде.
«Талпынған жетер мұратқа» деп бекер айтылмаса керек. Жас та болса алдына мақсат қоя білген өрен Абай атасының мұраларын күні бүгінге дейін жатқа біледі. Әрбір өлеңін, қара сөз, поэма, аудармаларын оқығанды ұнатады. Сол арқылы өзін қоршаған әлемді танып-білуге бағыт-бағдар алады.
– Ол өзінің 31 қара сөзінде естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп барын айтады. Әуелі көкірегі байлаулы берік болуы, естіген не көрген дүниесін терең ұғынып, одан ғибрат алуы, оны көңілге тоқуы керек дейді. Сананы улайтын, арзан ойын-күлкіден, уайымшылдықтан, құмарлықтан сақтануды жөн көреді. Бұдан арылмау – ақыл мен ғылымды тоздыратынын тиек еткен. Менің қазіргі таңда көңілге тоқығаным осы. Себебі ғылым жолын таңдағаннан кейін данышпан ғұламаның бұл қағидасы тура бізге айтылғандай көрінеді. Бұдан өзге де қара сөздерінің тағылымдық мәні зор ғой. Дегенмен қазір ғылым-білімге ден қойғасын ақын шығармашылығына жиі зер салуға уақыт болмай жатады. Дегенмен қол босаған сәтте ондай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысамын, – дейді.
Бүгінде аталмыш оқу ордасында білім алатын Нұрай Еркінқызы келешекте нейрохирург дәрігер болуды қалайды. Еліміздің, аймақтың медицина саласын жан-жақты дамытуды көздейді. Оның әдебиет пен ғылымға деген қызығушылығы жоғары. Осы екеуін ұштастырып, халқына пайдалы дүние қалдыру арманы.
– Қазақтың маңдайына біткен біртуар ақын, данышпан хакім Абайдың мұраларын – адам жанының рухани емшісі дер едім. Одан кез келген жан өзіне қажет азығын таба алады. Ал, дәрігер маманның физиологиялық тұрғыда ем көрсететіні белгілі. Болашақта екі саланы, халқымыздың ділін зерделей отырып, үлкен кітап жазсам деген арманым бар. Абай атамыз сияқты өшпейтін мұра қалдырғым келеді. Алла бұйыртса, ол күнге жетсем деген ниетім бар, – деген ол ағартушының бес асыл ісіне лайық болғысы келеді.
Ұлы ақын, хакім Абайдың әр шығармасында философиялық терең ой, өмірлік тағылым бар. Ол сонысымен мәнді, сонысымен құнды. Солай екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, рухани маңызын жойған емес. Оның шығармасы әр қазақтың көкейінде жатталуы тиіс дүние. Жүрек түбінен ой қозғап, сананы сілкіндірер туындылары оқыған жанның рухани азығына айналары сөзсіз. Абай мұраларының өміршеңдігі де бәлкім, содан болар. Шығыс пен Батыс мәдениетінің жақсысын үйреніп, қазақ мәдениетін, таным-түсінігін жаңғыртуды мақсат етіп, халқының адал, еңбекқор, рақымшыл болуын қалаған ұлы ақынның туғанына келер жылы 175 жыл толады.
Айдана СЕЙІЛ