Меценат айтыскер ақын Мұхтар Ниязовқа көлік мінгізді
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қаршыға Есімсейітова мен екі дүркін "Алтын домбыра" иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязовты қабылдады.
Биыл Қазақстан Телеарадиоакадемиясының «Алтын жұлдыз» иегері, талантты ақын, танымал тележурналист, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова мерейлі 60 жасқа толды. Ал, екі мәрте "Алтын домбыра" иегері, айтыскер,ақын Мұхтар Ниязов Тәуелсіздік күні Орал қаласында өткен "Тұғыры биік Тәуелсіздік" атты республикалық ақындар айтысында жүлделі І орынды иеленіп, "Айтыстың ақтаңгері" атанды.
Қабылдауда облыс әкімі Қ.Ысқақов Қ.Есімсейітова мен М.Ниязовқа шапан жауып, "Құрмет" грамотасын табыстады.Сонымен қатар, ақын Мұхтарға арнайы домбыраны сыйға тартты және құттықтауын жеткізді.
- Биылғы жыл Сыр өнері үшін табысты жыл болып отыр. Өнердің қара шаңырағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына «Академиялық» мәртебесі берілді. Мәдениет саласы қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі нәтижесінде "Құрмет" орденімен Қаракөз Ақдәулетова, "Ерен еңбегі үшін" медалімен Молдабай Дулатов, Кемеңгер Өтепов, "Құрмет" грамотасымен филормония әншісі Үміт Медеуова марапатталса, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы театр артисі Залипа Төлеповаға, "Қызылорда облысының Құрметті азаматы"атағы Хұсейін Әмір-Темірге табысталды. Бұл Сыр өнеріне берілген жоғары баға деп білемін. Өнер мен руханият әлемінің қос соқпағы - ақындық пен журналистика тізгінін қатар ұстап, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің өріс алуына өзіндік үлес қосып келе жатқан шынайы шығармашылық иесі Қаршыға Құрмашқызын барша Сыр жұртшылығы атынан мерейтойымен құттықтаймыз! Мұхтар бауырымыз кешегі өткен айтыста «Айтыстың ақтаңгері» атанды. Қазақта мұндай атақты халық Сүйінбай мен Жамбылдан бері Нартай мен Манаптарға, кешегі өткен Маханбетқалиларға ғана меншіктегенін жақсы білеміз. Дәл осы атақ бүгін Сырдың дарынды перзенті Мұхтар Ниязовқа лайық деп табылып отыр. Себебі, бұл – халықтың берген бағасы! Мұхтар, жеңісің құтты болсын, атағың асқақтай берсін! - деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Шара барысында айтыстың ақтаңгері атанған Мұхтар Ниязовқа меценат, кәсіпкер Мұрат Сәрсенбай сый ретінде темір тұлпардың кілтін табыстады.