БЕЛГІЛІ АЙТЫСКЕР ЖАСТАРҒА ШӘКІРТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАДЫ
Республика бойынша бастау алған "Туған жерге тағзым" шарасына Жалағаш ауданынан шыққан айтыскер ақын бауырларымыз алғаш болып атсалысуға кiрiсiп кеттi.
Осы айдың басында ғана айтыскер ақын, жырау Айдос Рахметов аудан орталығынан ашылған ақындар мен жыраулар үйiрмесiне жетекшiлiк жасап, жастарды ұлттық өнерге баулуға бел буды. "Алтын домбыра" айтысының екi дүркiн жеңiмпазы, Алаштың аяулы ақын ұлы Мұхтар Ниязов бүгiнде дарынды жастарға шәкiртақы тағайындап, тағы бiр жағымды жаңалықпен жерлестерiн қуантып отыр. Сонымен бiрге, биылғы жылы ауданымыздың мақтаныштары, қазақ өнерi мен мәдениетiнде өзiндiк орындары бар Лена Әбдiхалықова мен Құдайберген Бекiш шығармашылық кештерiн өткiзiп, жұртшылықпен жүздесті.