ЫНТЫМАҚ ЫРЫСҚА БАСТАЙДЫ
1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай қала әкімі, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы Нұрлыбек Нәлібаев партияның белсенді мүшелерін марапаттады.
Салтанатты шарада қала басшысы көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
– Бұл – татулығын ту етіп, тәуелсіздігін тұғырлы етіп келе жатқан мемлекетіміз үшін маңызы зор, бірлігі жарасқан халқымызды бір мақсатқа жұмылдырар тарихи тағылымы терең мереке. Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасып, еңсесі биік, айбыны асқақ мемлекет атануы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұлғасымен тығыз байланысты. Елбасының салиқалы да сарабдал саясаты мен оған сенім артып, бір жұдырықтай жұмылған дархан халқымыздың ақ-адал ниетінің арқасында ғасырға пара-пар жолдан өтіп, жер-жаһанға атымыз кеңінен жайылды. Міне, осы жолда ынтымақ пен бірлікті ту етіп, елдік мұрат жолында талайдың бағытын бір арнаға тоғыстыра білген «Нұр Отан» партиясының орны да ерекше. Елбасының стратегиялық жоспарын іске асыруда оның сенімді тірегі болу – негізгі міндетіміз. Экономикалық дамудың жоғары қарқынына қуат қосып, азаматтардың әл-ауқатының артуына қызмет етуге күш саламыз, – деді.
Жиында өңірдің қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласып, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы жолында зор үлес қосып жүрген партия белсенділеріне қала әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Партия қатарына қабылданған азаматтарға «Нұр Отан» партиясының билеті табысталды.
Айдана СЕЙІЛ.