Қызылордада бала денсаулығына зиян келтіретін ойыншықтар анықталды
Қызылордада бала денсаулығына зиян келтіретін ойыншықтар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қызылорда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті осы мақсатта зертханалық сараптама жүргізген болатын.
Сараптамадан өткізілген 73 ойыншықтың 53-і еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде шығарылса, қалғаны өзге мемлекеттерден жеткізілген. Олардың 13-нен сәйкессіздік анықталды. «Ойыншықтардың иісі мен таңбалануы бойынша сәйкессіздіктер кездесті. Сондай-ақ, олардың кейбірінде жас ерекшеліктеріне байланысты шектеу, шығарылған мемлекеті мен құрамы туралы ақпарат мүлдем жоқ. Сондай-ақ мемлекеттік және орыс тілдерінде деректер көрсетілмеген. Ал физикалық-факторлық 2 сәйкессіздік анықталған. Нақтырақ айтқанда, ойыншық бояуларының сілекей мен теріге тұрақсыздығы анықталған. Бұл өз кезегінде баланың денсаулығына зиян келтіреді. Әдетте, ойыншықтардың қауіпсіздігін тексеру екі кезеңде жүргізіледі. Мәселен, ол құжаттық және тәуекелдерді бағалауды тексеру арқылы жүзеге асырылады. Құжаттық тексеру кезінде тұтынушыға арналған ақпарат дәйектілігінің заңның, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігі, жалпы құжаттарының болуы назарға алынады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева. Оның айтуынша, департамент мамандары мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелерінде ойыншықтардың қауіпсіздігін растайтын құжаттар бойынша 244 тексеру жүргізді. Нәтижесінде тиісті талаптарды сақтауға селсоқ қараған мамандарға әкімшілік шара көрілді. Еске сала кетсек, бұған дейін Қызылордада күйдіргі ауруының 60 ошағы бар екені хабарланған болатын.