Өлең болып өрілген ғұмыр
Алаштың анасы атанған Сыр өңірі – өнердің мөлдір бұлағы. Дария жағасында орналасқан киелі мекенде қаншама ақын-жазушы, жыршы-жырау мен Сыр сүлейі дүниеге келді. Солардың бүгінгі ізін жалғастырушы – ақын, журналист Қаршыға Есімсейітова мен екі дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтысқер Мұхтар Ниязовты айтуға болады.
Қазақстан Телеарадио академиясының «Алтын жұлдыз» иегері, талантты ақын, танымал тележурналист, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова биыл мерейлі 60 жасқа толды. Ал, айтыскер Мұхтар Ниязов Тәуелсіздік күні қарсаңында Орал қаласында өткен «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысында жүлделі І орынды иеленді. Сондай-ақ, «Айтыстың ақтаңгері» атанды.
Осыған орай облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өнер иелерін қабылдап, мерекелік сый-сияпат көрсеті. Оларға облыстың «Құрмет» грамотасы табысталды. Қаршыға Есімсейітоваға қамзол жауып, Мұхтар Ниязовқа домбыра сыйға тартты.
– Биыл Сыр өнері үшін табысты жыл болып отыр. Өнердің қара шаңырағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына академиялық мәртебесі берілді. Мәдениет саласы қызметкерлері арасынан Қаракөз Ақдәулетова, Молдабай Дулатов, Кемеңгер Өтепов, Үміт Медеуова орден-медаль және грамотамен марапатталды. Сонымен қатар, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» театр артисі Залипа Төлеповаға, «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы Хұсейін Әмір-Темірге табысталды. Бұл Сыр өнеріне берілген жоғары баға деп білемін.
Өнер мен руханият әлемінің қос соқпағы – ақындық пен журналистика тізгінін қатар ұстап, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің өріс алуына өзіндік үлес қосып келе жатқан шынайы шығармашылық иесі Қаршыға Есімсейітова алпыстың асуынан асты. Сізді барша Сыр жұртшылығы атынан мерейтоймен құттықтаймыз. Мұхтар бауырымыз кешегі өткен айтыста «Айтыстың ақтаңгері» атанды. Қазақта мұндай атақты халық Сүйінбай мен Жамбылдан бері Нартай мен Манапқа, кешегі өткен Маханбетқалиға ғана меншіктегенін жақсы білеміз. Дәл осы атақ бүгін Сырдың дарынды перзенті Мұхтар Ниязовқа лайық деп табылып отыр. Себебі, бұл – халықтың берген бағасы. Мұхтар, жеңісің құтты болсын, атағың асқақтай берсін, – деді облыс басшысы.
Шара барысында айтыстың ақтаңгері атанған Мұхтар Ниязовқа меценат, кәсіпкер Мұрат Сәрсенбай сый ретінде темір тұлпардың кілтін табыстады.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА