Ата салты бабаның, болашағы баланың...
Ұлжан үйдегі сурет альбомдарын ақтарып отырып, терең ойдың тұңғиығына кеткенін байқамаса керек. Немересі Ұланның "әже су ішем" дегенінен ойы бөлінді. Тәтті балапанын айналып-толғанып жүріп, Аллаға «шүкірлік» айтуды да ұмытпады. Әйтпегенде ше? Жастайынан осы әулеттің табалдырығын аттап, келін атанғанына да 30 жылдан асқан. Сол жылдар ішінде қиындықты да, қуанышты да көрді. Бүгінде берекелі отбасының аяулы отанасы, сыйлы енесі, немерелерінің сүйікті әжесі. Мұның бәрі Алланың оған берген сыйы әрі өзі ерекше жақсы көретін енесінің еңбегі.
Күмісай әже құдай қосқан қосағы Темірбек екеуі 2 ұл, 5 қыз тәрбиелеген жандар. Өмірдің қиындығын көп көрсе де, сүрінбей өтті. Көзге көрінген ұл-қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Адалдыққа, еңбекқорлыққа баулып, әсіресе, ұлдарына азаматтық қасиетті жіті ұғындыра білді. Оларда әке-шеше үмітін ақтап, ел қатарлы азамат болды. Жүрген жерінде ата-анасына тек жақсылығын көрсетіп, ұялатындай тірлік жасамады.
Аузынан шүкірлігі түспейтін Күмісай әжей үлкені үйленіп, келінді болғанда қатты қуанды. Керегесі кеңеліп, шаңырағы шаттыққа толды. Әулетінің өскенін, балаларының өсіп-өнгенін армандаушы еді. Ол күннің де ауылы алыс емес сияқты. Ал, тұңғыш немересі дүниеге келгендегі жүрегі жарылардай. Өзін алғаш әже атандырған сәбиді бәрінен ерекше жақсы көрді. Бар ықыласы соған ауып, тәтті немересін бауырына басты. Апталдай екі азаматты өсірген күш-қуатым олардың баласына да жетеді деп отыратын.
Сол бақытты күндерін көз алдына әкелген Ұлжанның еңсесін күрсініс басқандай. Онысы баласының жасқа толмай жатып жетім, өзінің ерте жесір атанғаны еді. Ойда жоқ сәтте қапияда келген ажал сүйікті жарын құрығына ілген. Қолдан келер шарасы бар ма? Маңдайыма жазылғаны осы болар деп, көз жасын сығып қала берді. Арагідік буыны қатпаған сәбиін ойлап, ертеңі қалай болар екен? Лайықты тәрбие бере аламын ба? Өзімнің ертеңгі күнім не болмақ? деген сумаңдаған ойларға ерік беретін. Оқу бітірісімен тұрмысқа шыққан жас келіншекті осылай көп уайым мазалайтын. Бірақ, Алла Тағаланың бұйыртқан басқа сыйы бар екен.
Жарының жылдық асы берілген соң, көп ұзамай енесі келінін қасына шақырып көкейдегісін айтқан. Халқымызда «Аға өлсе, жеңге мұра» деген бар емес пе? Ананың ойлағаны да осы болатын. Қартайғанда көрген немересін жатқа қиғысы жоқ. Үнемі апа деп сыйлап, емен-жарқын мінезімен көптің көңілін таба білетін келінін де жібергісі келмейді. Бұл ойын алдын-ала кенже баласына да айтып көрген. Азамат дерсің, ана сөзін жерге тастамады. Оған қоса жастай жесір қалған жеңгесі мен кішкентай інісінің де қамын ойлап, ата салтын құп көрді. Ендігісі жеңгесінің бұған қалай қарайтындығы еді.
Үлкеннің сөзін жерге тастамай, қашанда ақылдың кені санайтын Ұлжан үшін бұл заң секілді көрінді. Бір жағынан қайын інісі мен кішкентай бөпелі өзінің тағдырын таразылай алмай, небір ойдың қылаң беретіні бар. Әйтсе де, бәрі үшін дұрыс әрі ортақ шешім осы болса, тәуекел етпек.
Міне, содан бері аттай зулап 30 жылды артта қалдырды. Қазір сол тәуекел шешімнің жеңісін де, жемісін де көріп отырған жайы бар. Тұңғышы әжесінің бауырында, өзі әмеңгерлікпен қайын інісіне жар болды. Солай бір шаңырақтың астында күн кешті. Одан кейін егіздің анасы атанды. Сол баяғы өзара сыйластық пен іштей түсіне білгеннің арқасында бүтін бір отбасыға айналған. Осынша уақыт ішінде отағасымен әй-шәй десіп көрмегенін ойласа бір марқайып қалады. Өзіне де өміріне де разы. Бүгінде ол өзі де ене атанған. Әжесінің тұңғыш немересі үйленіп, үй болған. Енді енесі шөбере сүйіп, өзі немере көріп соның қызығына тоймай, өткен өміріне өкпе артпай, бүгініне шүкір айтып отырады.
Келіні бөтенге кетіп, ұрпағым өгейлік көрмесін деп сақтанған дана халқымыздың әмеңгерлік салтының астарында терең мағына жатқаны шындық. Тарихқа зер салсақ, «Жеті жарғы» заңына сәйкес ері қайтыс болған әйел әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шығуға міндеттелген. Өйткені, сол кезеңде жесір әйелдің жалғыз күн көруі, не бөтенмен көңіл қосуы әлеуметтік маңызды мәселе болған. Өгей әкеден өгейлік көрмесін, күйеуінен қалған мал-мүлік талан-таражға түспесін деп келіннің өз үйінде қалуын құп көрген. Ал, оған келіспеген жағдайда баланы анасынан ажыратқан. Мұндай оқиғалар бертінге дейін орын алған.
Сондықтан бабаларымыз «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қағиданы ұстанған. Оған бір мысал ретінде кемеңгер ақын Абайдың інісі Оспан көз жұмғанда жесірі Еркежанды дәл осы жолмен жар еткенін айтуға болады.
Қазіргідей өркениетті елдер қатарына қосылып, дамыған ел атанған тұста бұл ескінің қалдығы сынды көрінеді. Көпшіліктің мұндай үрдісті құп көрмейтіні анық. Сірә, әмеңгерлік салтты ұстанған үлкендер де қалмаған болар. Мүмкін мұның түп-тамыры шарасыз халден шығудың жолы болар. Ал сіз қалай ойлайсыз?
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ