ШАТТЫҚ ШҰҒЫЛАСЫ ТӨГІЛГЕН ҮЙ
Бүгінде еліміздің демографиясына үлес қосып жүрген көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетіледі. Ол үшін мемлекеттен арнайы қолдау да бар.Десе де бүгінде жастар арасында көпбалалы болу таңсық жаңдайға айналды. Ұрпақ тәрбиесіне мән беріп, ұлағатты ісімен көзге түскендер де жоқ емес. Солардың бірі – Мөлдір Халибаева 28 жасында алты баланың анасы атанған.
Қазір төрт-бес сәбиі бар үйді көрсек, таңдай қағып, таңғалатынымыз бар. «Әр баланың өз несібесі бар» деген тәмсіл де еске түседі. Нәресте дүниеге келсе бір түп жусанның артық шығатынын жақсылыққа бағалайтын қазақ емеспіз бе? Қызылорда қаласындағы Талсуат ауылында тұратын – Құдайбергенов отбасындағы Мөлдір Халибаева да көпбалалы болуды бақыт деп санайды.
Мөлдірдің тұрмыс құрғанына он екі жыл өтті. Бүгінде алты баланы бағып-қағып отыған ол ұрпақ тәрбиесінде ешқандай қиындыққа мойынсынбайтынын айтады. Алдағы уақытта да Алла нәсіп етсе, сәби сүйіп алтын алқа иегері атанғысы келеді.
– Отбасы бақыты – құдай қосқан қосағыңмен балалардың қызығын бірге көру, – дейді бізбен әңгімесінде жас ана. – Көпбалалы шаңырақта тәрбие алған сәбилер бір-біріне бауырмал келеді. «Әйелдің бақыты – баласында» дейді емес пе! Маған сәбилерімнің сыңғырлаған күлкісі қуаныш сыйлайды, – дейді ол.
Шын мәнінде отбасында барды қанағат етіп, еріне құрмет көрсететін нәзік жандылар азайып бара жатыр. Бір-екі баланы қанағат тұтып, барыма береке берсін дейтін шаңырақтар қаншама. Оның қасында алты сәбиді дүниеге әкеліп, әулетін шаттыққа бөлеп отырған біздің кейіпкеріміз әйел бақытына лайық жан.
Қазір шаңырақта шаттығын сыйлаған бес ұл мен бір қыз көзқуаныш болып өсіп келеді. Отанасы олардың тәрбиесіне ерекше мән береді. Отағасы екеуі мал щаруашылығымен айналысады.
Мөлдір мен Мұратбек сүйікті жары шаңырақ көтерген күннен бастап үбірлі-шүбірлі болуды мақсат еткен. Бұл отбасының тұңғышы мектеп оқушысы болса, кенжесі екі жаста. Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен ордасы. Мұратбек пен Мөлдір балаларын тәрбиелі болуға баулып келеді. Әрине, саналы ұрпақ тәрбиелеуде отбасының алар орны ерекше.
«Отбасы – шағын мемлекет» деп тегін айтылмаған. Бір-біріне дәл осындай сыйластығы мен сүйіспеншілігі арта түскен жастар еліміздің іргесін нығайтып, рухымызды асқақтатыны анық.«Балалы үй – базар» демекші, барлығының басы қосылғанда базар болатын шаңырақта бақыт құсы қалықтай берсін деген тілектеміз.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.