Уақытпен санаспайтын мамандық иелері
Жыл сайын жаңа жылды отбасыңмен бірге дастархан басында қарсы алғанға не жетсін? Алайда, қоғамға ауадай қажет мамандық иелері дәл осы күні кезекшілікке түсіп, атаулы мейрамды жұмыс барысында қарсы алады.
Мерекеде адам денсаулығына алаңдайтын саланың бірі – жедел жәрдем қызметі. Дәрігерлер өз қызметінің қарбаласынан отбасы мүшелерін құттықтауды да ұмыт қалдырады екен.
Дәрігерлер
Қаладағы №3 емхананың жедел көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Жұлдызай Әбдреймова. Ол ең алдымен аймақтық терапевт дәрігер болып қызмет атқарды. Қазіргі кезде 28 маман еңбек ететін бөлімді басқарып отыр. Медицина мамандары күні-түні кезекшілікпен жұмыс істейді. Аталған емхананың қарамағында 37 учаске бар.
– Біздің бөлімдегі мереке күні кезекшілікте тұратын дәрігерлер мен медбикелер жаңа жылды қызмет орнында қарсы алады. Қолымызда адам өмірі тұр. Сондықтан бұл мереке бізге екі есе жауапкершілікті сезіндіреді. Көмекке шақырған әрбір тұрғынға дер кезінде жетуге тырысамыз, – деді ол.
Мейрамда көбіне тамақтан улану, балалардың түрлі от шашудан жарақат алуы бойынша қоңырау көп түседі. Сондықтан жаңа жылды тойлауда сақтық шарасы ұмытылмауы тиіс.
Құтқарушылар
Бұл күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының да қызметі қарбалас. Өрт пен төтенше жағдай – тілсіз жау. Оның қай кезде болатынын ешкім болжап білмейді. Сол себепті бұл сала қызметкерлері де уақытпен санаспайды.
– Жаңа жылда бірнеше мәрте кезекшілік атқардым. Атап айтсақ, 2011, 2012, 2013 жылы қатарынан үш мәрте жедел топта кезекші болдым. Одан кейін 2016, 2017 жылы да дәл сондай жағдай қайталанды. Кез-келген уақытта шақыртылған орынға дер кезінде жетуге, ең алдымен адам өмірін аман сақтап қалуға тырысамыз. Биыл да осы жауапкершілікті сезінгелі отырмыз. Бұл міндетті абыроймен атқару – басты мақсат. Отбасым бұған түсіністікпен қарайды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кадр саясаты бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Ержан Үсенбаев.
Жолсеріктер
Ал, жолсеріктің жұмысы бәрімізге де белгілі. Олар бір тәуліктің ішінде еліміздің бірнеше аймағын аралап, жолаушыларға жайлы жағдай істейді. Сондай-ақ, пойыздағы тәртіпті де қадағалайды.
– Әр жыл қызықты оқиғалармен, өмірімізге сән берген жетістікпен есте қалады. Біз үшін жаңа жыл – жаңа өмір баспалдағы. Биылғы мерекені төртінші рет жолда қарсы алмақпын. Бұл күні пойызда күндегідей адам толы болмайды. Былтыр бір жолсерік Аяз атаның киімін киіп, барлық жолаушыны мерекемен құттықтап шықты. Сағат тілі он екіні соққанда бәріміз бір үйдің баласындай бір-бірімізге жақсы тілек айтып, қуанышпен қарсы аламыз. Бұл қызметке келгеніме сегіз жыл болды. Қызметім өзіме ұнайды. Үнемі халықпен тығыз байланыстамыз. Әрбір жолаушыға сапалы қызмет көрсету – басты міндетіміз. Әсіресе, қыс мезгілінде вагонның жылы болуын қадағалаймыз, – деді«Қызылорда-Көкшетау» пойызының жолсерігі Азамат Алмағамбетов.
Жаңа жылды жұмыста қарсы алатындардың бірқатарын ғана тілге тиек еттік. Одан өзге де тәртіп сақшысы, күзет, әуе, мейрамханалар мен ойын-сауық орталығындағы қызметкерлер де дәл осы түні тынымсыз еңбек етеді. Олардың барлығы да көңілі қалаған мамандығын адал атқаруға тырысары анық.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА