Сен туған күн - мерекеміз
Әрбір адам өзінің туған күнін асыға күтетіні рас. Меншікті мерекесі саналатын сәтке дайындық жасалып, оған жоспар құрылады. Егер сіздің дүниеге келген күніңіз айтулы мерекемен қабат келсе ше?

– Туған күніңнің мерекемен қатар келуінің өзі ерекшелік қой. Әдетте екеуін қатар тойлап жатамыз. 31 желтоқсан күні отбасыммен Жаңа жыл мерекесін қарсы аламыз. Ол артынша туған күнге ұласып жатады. Осылайша, ағайын-туыс, дос-жаранның ортасында қос мерекені атап өтеміз. Мынадай оқиға есімде қалған екен. Бірде мерекені ауылдағы ата-анаммен қарсы алғым келіп, Байқоңырдан Қазалыға жолға шыққанбыз. Сөйтсек, қала мен ауылдың арасын жалғайтын жолды жауып тастаған. Амал жоқ, туған күнді жолда атап өтіп, үйге келесі күні жеткенім бар, – дейді ол.

– Жаңа жыл мерекесін көбіне балалар асыға күтеді. Мен де бала кезімде оны тойлауға асығатын едім. Ал 1 қаңтарда ата-анам туған күнімді жасайды. Үйге ағайындар келеді. Түрлі сыйлыққа ие боламыз. Соған қуанамын. Беріге дейін солай жалғасты. Тұрмысқа шықтым. Қызығы, 31 желтоқсан күні қызымды өмірге әкелдім. Қазір жаңа жыл және қызымның туған күнін қатар тойлаймыз, – дейді.
Ал, М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі директорының орынбасары Анар Ертелеуова жылдың соңғы күні дүниеге келген. Жыл бойы атқарылған істі саралап, желтоқсанның 31-де меншікті мерекесін тойлайды.
– Бала кезімде атаулы мерекені асыға күтетін едім. Сол күні туған күнің болатынын білесің. Екі қуаныш қабат келіп, мәз-мейрам күйге бөленемін. Себебі, бұл мереке көпшіліктің асыға күтетін мейрамы ғой. Сол мейрам қарсаңында дүниеге келу ерекше емес пе? Мұның бәрі бала кезде қалды ғой. 31 желтоқсанда үйде жаңа жылға дайындаламыз. Ақ дастарханымызды жайып қоямыз.

Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ