Шеттегі қазақ қанша?

Өзбекстан Республикасы Статистика орталығының ресми мәліметтері қазақтардың санын өте төмендетіп, 1 млн.-ға дейін жеткізіп отыр. Алайда қазақтардың саны 1 млн. 660 мың адам деп сеніммен айтуға болады.
Соңғы халық санағына сәйкес Қырғызстандағы этникалық қазақтардың саны 42 657 адам. 2004 жылдың басында қазақ халқы 65 мың шамасында болған.
1995 жылғы халық санағымен Түркменстанда 86 987 қазақ тұрады.
Моңғолияның Ұлттық статистикалық басқармасының мәліметтері бойынша этникалық қазақтардың жалпы саны 102 983 адам, яғни моңғолдардан кейінгі екінші орынды иеленеді. Олардың ішінде Баян-Өлгей аймағында 83 776 адам.
Қазіргі кезде әртүрлі мәліметтер бойынша Қытайдағы қазақ диаспорасы 1 200 000-нан 2 000 000 адамға дейін.
Түркиядағы қазақ диаспорасы негізінен өткен ғасырдың 50-ші жылдары Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының Алтай округінен көшіп барған, сондай-ақ XX ғасырдың 80-ші жылдары Ауғанстан мен Ираннан босқын ретінде қоныс аударған қазақтардан тұрады. Стамбул консулдық округінде алтай (3450 отбасы) және ауған (740 отбасы) қазақтары тұрады.
Лондонда Түркиядан шыққан қазақ диаспорасының 65 өкілі тұрады. Бұған ҚХР, Қазақстаннан және басқа елдерден келген қазақтар кірмеген, олар қазақ диаспорасының санын 100-120 отбасына көбейтеді. ГФР-ға қазақтар түрік еңбек көші-қонының құрамдас бөлігі ретінде 1960-жылдардың ортасында көшіп келе бастады. Сонымен қатар, Екінші дүниежүзілік соғыс уақытынан бастап Алманияда екі қазақ – түрік азаматтығы бар бұрынғы легионерлер тұрады. ГФР-да қазақтар Рура мен Рейн өнеркәсіптік аймағындағы жұмыстан басқа қоғамдық-саяси қызметпен айналысты, соның ішінде Мюнхеньде «Азаттық» радиостанциясының қазақ редакциясында жұмыс істеді. ГФР-дағы қазақтар мына жерлерде тұрады: Мюнхеньде - 60 отбасы немесе 300 адам, Кельнде - 90 немесе 450, Гамбургте - 4 немесе 20, Батыс Берлинде - 20 немесе 100, Хайдельбергте - 1 немесе 5, Майнцте - 2 немесе 10, Майндегі Франкфуртте - 1 немесе 5. Барлығы: 178 отбасы немесе 890 қазақ.
1993 жылы Мюнхеньде «Еуропалық қазақ түріктерінің бюллетені» шыға бастады. Бірінші нөмірі түрік тілінде, ал екіншісі қазақ тілінде шықты. Бюллетеньде Түркиядағы, Германиядағы, Франциядағы, Швециядағы, Австриядағы, Ұлыбританиядағы, Швейцариядағы және Даниядағы қазақ қауымдастықтарындағы болып жатқан оқиғалар туралы ақпараттар басылды, Қазақстандағы жетістіктер туралы хабарламалар жарияланды.
Қазіргі кезде Швецияда 30-дай қазақ отбасы тұрады, негізінен Түркиядан барғандар. Олар Стокгольмде, Евелде, Вастераста, Гетеборгте тұрады.
АҚШ-қа қазақтар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көшіп бара бастады. Негізінен, АҚШ-тың қазақ халқын бірнеше топқа бөлуге болады.Олар: бұрынғы КСРО азаматтары, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Алмания аумағындағы концентрациялық лагерьлерде ұсталған, одақтастар әскерлері азат еткеннен кейін және тексеруден өткен соң өздерінің өтініштері бойынша Түркияға тұруға жіберілген. Сосын Түркиядан Штаттарға көшіп барған, онда қазір олардың екінші және үшінші ұрпақтары тұрып жатыр. Түркиядан келген қазақтар, түрік еңбек көші-қонының құрамында келіп жұмыс тапқан, бес жыл тұрақты (ешқайда шықпай) тұрғаннан кейін АҚШ азаматы мәртебесін алған. ҚХР-нан келген қазақтар, АҚШ-қа Жапония, Тайвань арқылы Тынық мұхитты кесіп өтіп, Тынық мұхит жағалауында оқуға немесе жұмыс істеуге қалып қойған, сосын елде тіршілік ету мүмкіндігіне ие болған. Қазақстан Республикасынан келген қазақтар, оқуға немесе жұмыс істеуге келген. АҚШ азаматтарымен этникааралық некеге тұрып, азаматтық алғандар. АҚШ мультимәдени және полиэтникалық ел ретінде көшіп-қонған қазақтарды 1960 жылдардың ортасынан бастап, 1965 жылғы көші-қон заңын ырықтандырғаннан кейін тарта бастады. «Америка этникалық топтарының Гарвард Энциклопедиясына» сәйкес 1960-жылдары АҚШ-та 20 шақты қазақ отбасы болған. Бұл 20 отбасының 13-і осы елге 1960-жылдардың ортасында көшіп келіп, Нью-Йорк, Вашингтон (Колумбия округі) метрополиінде және Калифорния штатында қоныстанған бұрынғы вермахт тұтқындарының отбасы.
Қазіргі уақытта қазақ диаспорасы әртүрлі мәліметтер бойынша Иранның Горган, Бендер-Туркмен және Гүлістан провинциясының Гомбад қалаларында тұратын 10-нан 15 мыңға дейінгі адамды құрайды.
Пәкістан Ислам Республикасындағы қазақ диаспорасы Сайлау Батыршаұлының мәліметтері бойынша 1600 адамды құрайды.
Ауғанстанда 21 000 қазақ бар.
Біз ендігі жерде қияндағы танымал қандастар туралы тұрақты жариялап отырамыз. Бүгін алғашқы бауырымызды назарларыңызға ұсындым.