Аймақ басшысы Сырдария ауданында болды
Облыс әкімі Қ.Ысқақов Сырдария ауданында жұмыс сапарымен болып, 14 елдімекеннің тұрғындарымен кездесті. Айдарлы ауылындағы емхананың жұмысымен танысқан өңір басшысы, ауылдық клуб үйінде тұрғындардың өтініш- тілектерін тыңдады.
Айдарлы ауылының тұрғындары «Ақтам» каналына тазарту жұмыстарын жүргізу мен ескі емхананы жаңарту және бөбекжайға баратын балалардың саны артуына байланысты балабақшаға қосымша екі топ ашылса деген тілектерін жеткізді. Аймақ басшысы ескі емхананы жаңарту жұмыстары қолға алынатындығын айтты.
Мұнан кейін облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейліде болып, Бесарық ауылдық округіндегі "Абай Дәулет" ЖШС жүргізіп отырған шаруашылықтың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті. Қуанышбек Досмайылұлы ауылда кәсібін жүргізіп қана қоймай, елдімекен тұрғындарын жұмыспен қамтып,ауылды көркейтуге атсалысып отырған шаруашылық иелеріне ризашылығын жеткізді. Облыс әкімімен кездесуде Жетікөл ауылының тұрғындары ауыл ішілік жол мәселесін көтерсе, аманкелділіктер көнерген электр бағаналарын жаңартуды сұрады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов аталған көшелердегі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы жүргізілетіндігін айтты.
"Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес өткен жылдың еншісінде қалған жолдарды жөндеу жұмыстары қыркүйек, қазан айларында толығымен аяқталады. Ал, әуе жайдан бастап Қоғалыкөл мен Шіркейлі ауылдарына дейінгі жолға республикалық бюджеттен 380 млн теңге бөлініп, жол жөндеу жұмыстары басталды. Жауапты мердігер мекеме "Қыран" ЖШС",- деді Е.Әбдіқалықов.
Н.Ілиясов ауылдық округіндегі «Абзал и К» толық серіктестігінің тұқым зауытының жұмысымен танысқан аймақ басшысы Шаған, Іңкәрдария,Ақжарма,Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауылдық округтерінің де тұрғындармен кездесті. Ауылдардағы тұрғындар көтерген басты мәселе: жаңадан дәрігерлік амбулатория салу, ауыл ішілік жолдарды жөндеу мен жарықтандыру, «Ескі Бостандық» каналына тазарту жұмыстарын жүргізу.Аймақ басшысы аталған мәселелер бюджеттік жоспарға сай шешіледі деді.