Қонақасы
Ел-жұрт жадында мәңгі жатталып қалған «Ас – адамның арқауы» деген қағида бар. Қай заманда айтса да асты құрметтеу мен бағалаудың жолын да, жөн-жосығын да, оны дәмді етіп әзірлеудің де ретін таба білген. Ел мен елді татуластыру, жақсы мен жайсаңды құрметтеуді ұлтымыз қонақасы арқылы көрсеткен. Осы басқосуда елді елең еткізер тұщымды әңгіме айтатын тілге шешен кісіні шақырып, қонағына татымды сөзден сыбаға ұсынған. Сырттан келген қонақ сол елдің мәрттігін, дархандығын, ұлттық болмысын дастархан мәдениетінен таныған. Дархан даланың кеңдігін тұла бойына сыйдырған дана халқымыздың қонақжайлығы жайында шетелдіктер де аңыз етіп айтады. Сыйласқанға жалғыз атын тарту ететін мәрттігіміз де бар. Қонақ таңдап, басқа ұлт, өзге дін өкілі деп бөлген емес. Төрге шығарып тиесілі сыбағасын ұсынады. Мұқтажға аспен бірге, ат-көлік сыйлаған пейіліміздің кеңдігі тағы бар.
Жомарт, әрі ашық қолды қазақтың ізгі дәстүрінде үйге келген кісіге дәм таттырмай жібермейтін өте жақсы ғұрып бар. Мұны қазақ «қуыс үйден құр шықпа» деген әдемі лебізбен әспеттейді. Кедей бол, бай бол үйіңе бас сұққан жанға ең болмағанда «нан ауыз ти» деп ықылас танытып, көңіл бөлу – тек біздің ұлтымыздың қанына сіңген ізгі қасиет екені шындық. Осыған тұздық болар қонақасының шығу тарихы туралы аңызды ертеректе ауыл ақсақалдарынан естігенім бар.
Ертеде қазақтың бір ханы үш ұлына енші беруге шақырған екен. Сол ұлы атамыз өзінің байлығын төрт бөлікке бөлген екен дейді. Оның үш бөлігін үш баласына еншіге берген көрінеді. Төртінші бөлігін тағы да үшке бөліп, оны үстіне қосыпты. Сонан кейін алдында жүгініп отырған үш ұлына: «Балаларым, ата салты бойынша сендерге енші бердім. Оны өздерің көріп отырсыңдар. Естеріңде болсын, бұрынғы өткен ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан-байтақ жер қалдырды. Өзімнің адал еңбек, маңдай термен жинаған дүниемді, қазынам мен мүлкімді төртке бөліп, соңғы бөлігін тағы сендерге тең бөліп беремін. Ондағы ойым мынадай. Сендер енші алып бөлек үй болып шыққанмен туыстық қатынасың, ынтымағың мен дәм-тұзың бөлінбесін. Бұдан былайғы заманда сендердің ұрпақтарың сапарға шыққанда жолға азық-түлік алып жүрмесін. Әрбір қазақ баласы кез келген үйден ақысыз-пұлсыз қонақасы ішетін болсын. Олардың жолда шөлдеп, сусап, қарны ашпасын. Менің сендерге берген төртінші еншім сол. Соны менің келер ұрпақтарым ғасырдан-ғасырға жеткізіп, менің осы өсиетімді – бұлжытпай сақтасын, – деп батасын берген екен.
Сол уақыттан бері иісі қазақ қонақжайлық танытып, дәм-тұз ұсынғанда туыс-туған, бай-кедей, жарлы-жақыбай деп бөлмей оларға бірдей дәм ұсынады. Төріне отырғызып, үйіне қондырып, қолынан келгенше риза етіп аттандыруға ниеттенеді. Біздің қазекең дәмді, жақсы тағамын өздері жемей, қонаққа деп әдейі сақтап отырады. Ел ішінде «кісі түсетін үй» деген жақсы сөз бар. Бұл дастарханы кең, берекелі, тәлім-тәрбиелі үй деген сөз. Ұлтымыздың «е, құдайым би қыл, би қылмасаң би түсетін үй қыл» деген пәлсапасында терең ой жатыр.
Қазақ отбасының қонақ түсірмеуі, лайықты қонақасы бермеуі бүкіл халық атына, руға, елге үлкен мін саналған. Сол үшін кезінде айып та төлеген, бетіне басып ұялтқан. Кейбір ел ішіндегі тапқыр кісілер ата дәстүрді сақтамаған сараңдар мен жөн білмейтін адамды сын тезіне салған. Билер мен ақсақалдар ондайларға ат-шапан айып төлеттірген, кешірім сұратқан.
Міне, осындай кемеңгер ата-бабамыз аманаттаған асыл қасиет ұлтымыздың санасында ғасырлар бойы қалыптасып, қонақжайлық дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Жазылмаған дала заңының бұл бір өнегелі тұсы десек болады.
Г. АСҚАРҚЫЗЫ