Даланың үні, бабаның мұңы
Қазақтың сайын даласы – қойнауын тек қазба байлыққа емес, руханият тұнған мәдени мұраға толтырған ұлан-ғайыр атырап. Оның әрбір тауы мен тасы, өзен-көлі, жайқалған жасыл желегі қасиетті қара домбыраның қоңыр үнінен нәр алған. Домбыра – даланың үні, бабаның мұңы, ананың сыры.
Ұлт мәдениеті туралы сөз қозғасақ, алдымен домбыраны тілге тиек етеміз. Ол – қазақпен бірге жасап, оның ішкі толғанысын қос ішекке сыйдырған қастерлі дүние. Талай қиындықты бастан кешкен халқымыздың мұң-зары, қайғы-қуанышы домбыраның шанағынан күй боп төгіліп, жыр боп ағылды. Мұны ақын Қадыр Мырза-Әлі «Білгің келсе біздің жайды содан сұра тек қана: одан асқан шежіре жоқ, одан асқан жоқ дана» деген өлең жолымен сипаттайды. Иә, расымен «Екі ішектің бірін қатты бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра».
Қазақтың бар болмысын, қасиеті мен киесін бойында жинаған қара домбыраның арғы тарихына үңілсек, түрлі зерттеу-болжамдарға кезігеміз. Кейбір дерек көздері қазба жұмыстары кезінде оның тасқа қашалып салынған суреті табылғанын айтады. Ол сонау неолит дәуіріне тиесілі болса керек. Соған сәйкес ұлттық аспаптың 4 мың жылдық тарихы бар деген пікір бар. Ал, түркі мәдениетін зерттеушілердің айтуынша, домбыра тарихы көне түрік дәуірінен бастау алады. Оның алғашқы мекені Алтай тауы аймағы деседі. Сондай-ақ әйгілі ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабидің жазбаларында да ол туралы айтылады. Осы орайда ғалымдар оның түркі әлеміне тән ұлттық аспап деген тұжырым жасайды.
Ұлттық аспап жайында ел арасында тараған аңыздар желісі де көп. Онда домбыраның пайда болуын тікелей халықтың тұрмысы, бастан өткен оқиғасы, мұң-зарымен байланыстырады. Соның ішінде ең кең тарағандары – «Қос ішек», «Тауқұдырет», «Қамбархан» әфсанасы. Мәселен, «Тауқұдырет» аңызы желісінде ерте замандағы жалғыз қанатты тауқұдырет құсы болған деседі. Сол тұста домбыра да бір ішекті екен. Өнерпаз бір ішекпен көсілтіп күй шерте алмайды. Тауқұдыретте қанатын кеңге жайып ұша алмайтын көрінеді. Күндердің бір күні тауқұдырет аналығымен бірігіп ұшуды жөн көреді. Бірі оң, бірі сол қанатын сермегенде екеуі көкке самғап ұша жөнеледі. Осыдан соң әлгі құстың балапандары қос қанатпен жаратылған екен. Ал, аспабын шерте алмай шерменде болған домбырашы осы көріністен соң, домбырасына екінші ішекті жалғаған көрінеді. Солай домбырадан ғажайып үн естіліп, алғаш «Тауқұдырет» күйі пайда болған екен.
Сол сияқты тоғыз тарау ел тарихын сақтаған тоғыз перненің, тиектің пайда болуы жайлы аңыз-әңгіме де жетерлік. Ел аузында сақталып бүгінге жеткен әфсана негізінде ұлттық өнердің даму, халықтың мәдени қалыптасу үрдісі жатыр. Сол арқылы ұлт мұрасының тарихы, халық руханияты айшықталып отыр. Қалай десек те шертпелі аспаптың түп атасы – қазақтың қара домбырасы. Мұны аталған аңыздар мен тарихи негіздерге сүйене отырып топшылауға болады. Бұл ұлттық мұра – халықтың рухын, арман-мүддесін, қуаныш-қайғысын шертіп, көмейінен күй ғып төккен құдыретті дүние. Әр қазақтың төрінен орын алатын жәдігер – бабаның көзі, ұрпаққа аманаты.
Дайындаған Айдана САЙДУЛЛА