Ашық есік: Әкімге шағым айтқысы келетіндер неге көп?
Дүйсенбіде қала әкімі Н.Нәлібаев қала әкімдігі жанындағы «Құқық қорғау қызметтері» орталығында қалалықтарды қабылдады. Бұл бірінші рет емес. Ай сайын тұрғындардың арыз-шағымын тыңдауды дәстүрге айналдырған шаһар басшысының қоғамдық қабылдауы қай кезде де кезекке толы. Бұл жолы да. Таңертең сағат 9-дан басталатын қабылдауға қала тұрғындары да ертелетіп келе бастады. Кезекке тұрған халық түс ауғанша арқалап келген мәселесін қала басшысының өзіне айтуға арнайы келген.
Атап айталық, халқына жақын әкім болуды мақсат еткен әкім Н.Нәлібаев кездесуінде айтылған қандай да бір мәселе шешімін таппай қалған емес. Содан да болар, қалалықтар мәселесін әкімге айтуға асығады. Сөзден-іске ұстанымындағы қала әкімі тұрғындармен ашық кездесуінде әрдайым ашық диалогта. Бір атап айтарлығы, ашық есік күні қалаға қарасты барлық ауыл әкімдері мен бөлім басшылары осы жерден табылады. Тұрғындардың айтқан мәселесіне қарай, тиісті сала басшылары қағазға жазып алып, әрі қарай тұрғынмен сөйлесіп, мәселені дер кезінде шешуге әзір тұр. Ең бастысы, сұрағына жауап таппай қайтып жатқан ешкім жоқ.
Әкімге ел нендей мәселемен келеді деген сауалмен ашық есік күніне біз де келдік. Ертемен қарбаласқан жұрт кезекте тұр. Ұйымдастырушылар кезек ретін жүйелеуде. Мөлдір қабырғалы кабинетте қала басшысы тұрғындарды жеке қабылдауда.
Кім кінәлі?
Әкім қабылдауына келген Қызылжарма ауылынан келген бір топ тұрғынның мәселесі өзекті. Кезінде ауылдан жер алып, маңдай термен үй салған 5 тұрғын үй иесі шаңырағын бұзуға мәжбүр. Себебі, олар қоныс тепкен жер қауіпті аймақ саналады. «Казтрансгаз» АҚ мекемесінің ескертуі бойынша газ құбыры жүргізілген жерден тұрғын үй салуға болмайды. «Мұны сол кезде неге ескертпеді? Бізге ауыл әкімдігі ауылдан басқа жер бергенімен құрылыс жүргізуге жұмсаған ақшамызды кім төлейді? Қазір сотқа жүгініп жатырмыз. Сотқа талап арыз беру үшін де қаржы керек. Сотқа жүгіну шығынымызды кім өтейді деген сұраққа жауап алдық. Қала әкімі біздің мәселемізді тыңдап, сотқа жүгіну үшін шығынданбау жағын қарастырды» дейді қызылжармалық тұрғындар. Тұрғындарды қынжылтатыны қауіпті аймақ екені неге ертерек ескертпегені. Бұл мәселені Қызылжарма ауылының әкімі Медет Сейіловтен сұрадық.
Қызылжарма ауылының әкімі М.Сейілов: «Бұл жерге 2006 жылы шешім шыққан. Аталған тұрғындар жерді сатып алып отырған үшінші тұлға. «КазТрансГаз» АҚ тұрғын үйді бұзу туралы сотқа берген. Сот шешімі бойынша үйлер бұзылуы тиіс. Оларға басқа аумақтан жер бердік. Тұрғындар құрылысқа жұмсаған шығынымызды төлеу керек деген талап қойып отыр. Бұл да сот арқылы шешілетін мәселе. Олардың сотқа талап арыз беру шығынын өтейміз.Кезінде «КазТрансГаз» мекемесі ауыл әкімдігіне осы маңнан газ құбыры жүргізілетіні туралы хабардар етпеген».
Жарты миллион қарызы бар тұрғын қайда жүр?
Қала тұрғыны Майра Қасымованың қала әкіміне жүгінуден басқа шарасы қалмағандай. Шұғыла мөлтек ауданы 24 «а» үй 51 пәтерінің тұрғыны өзінен жоғары қабатта тұратын көршісінің есігін қағып аша алмай шаршап жүргенін айта келді. Көршісін неге іздеді дейсіз. Есігі ашылмайтын пәтерден төменгі қабатқа әрдайым су кетіп қалу жағдайлары жиі орын алады екен. «Пәтерімізде газ, жарық жүйелері бар. Бір күні болмаса, бір күні апатты жағдай орын алса не боламыз? Менің пәтерімді кім жөндеп береді?» дейді тұрғын. Қала әкімі бұл мәселені тез арада шешуді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Е.Рахматуллаевқа тапсырды.
Е.Рахматуллаев, бөлім басшысы: «Шұғыла мөлтек ауданы 24 «а» үйдің 51 пәтер тұрғыны Майра Қасымова 53 пәтерде тұратын пәтер тұрғыны Мира Ақшалованың атына шағым айтып келді. Тұрғын көршісін өткен жылы сотқа талап арыз да беріп көріпті. Талап арыз қысқартылып кеткен. Тұрғынның мәселесі орынды. Қазір бұл мәселе бойынша зерттеу жасауға кірісеміз. Тіпті, бұл пәтер иесі коммуналдық қызметке 500 мыңдай қарызы да бар екен».
Қуаныштың көз жасы
Әкім қабылдауынан шыққан қала тұрғыны Күлжан Серікбаева жақсы жаңалығын журналистермен бөліскенді құп көрді. Жалғызбасты ана жалғыз ұлын бүгінгі күнге дейін пәтерден-пәтерге көшіп жүріп өсіріп, тәрбиеледі. Аяқтандырды, немере сүйді. Алайда пәтер кезегі келіп қалар деген үмітін үзген емес. Бүгін қала әкімінің қабылдауына кезегім қашан келер екен деген сұрақты қоюға келіпті. Сөйтсе, К.Серікбаеваның үй алу кезегі келіп тұр екен Тек рәсімделуге тиіс құжаттары толық болса, әне-міне баспанаға қол жеткізбек. Мұндай жаңалықты ести қоямын деп ойламаған ана қуаныштан көз жасына ерік берді. Сондай-ақ, кәсіп бастауға қажетті жер мәселесі де шешілетінін естіген ақ жаулықты ана бүгін сондай бақытты...
Әлеуметтік желі мәселе шешпейді
Барлық тұрғынмен бірдей кезек күткен Диана Смағұлова І топ мүгедегі. Мүмкіндігі шектеулігінің де ынтасы болса, мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеген қайсар нәзік жан денсаулығын желеу етіп көмек сұрайтындар қатарынан емес. Ол он екі мүшесі сау азаматтармен бірдей еңбек етеді, ешкімге алақан жаймайды. «Қалалық мүгедектер қоғамында» жұмыс істей жүріп өзі сияқты жарымжан жандарға көмегін аямаған Диана олардың мәселесін шешуге жол көрсетіп келеді. Ол бүгін қала әкіміне алғыс айта келіпті.
Диана Смағұлова: «Мен қала әкіміне мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасағаны үшін алғыс айта келдім. Сонымен бірге ұсыныс та айттым. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арба 7 жылға беріледі. Бұл уақытқа дейін арба тозып, сатып алуға мәжбүрміз. Сол себепті мерзімді қысқартса екен. Қала басшысы бұл мәселені тиісті министрлікке ұсыныс хат жолданатынын жеткізді. Қазір жұрт қит етсе, «Фейсбукке» жазам дейтін болды. Бұл мәселенің шешімін табатын жол емес. Кез келген мәселені тыңдайтын ел ағалары бар. Халықты тыңдауға мүмкіндік жасалған.
Төменгі қабаттағылар шатырға бас қатырмайды
Бұл көпқабатты үйдегілерге таныс жағдай. Бесінші қабаттағылар шатыр мәселесін айтса, төменгі қабаттағылар бұл мәселеге бас ауыртпайды. Әкім қабылдауына келген ақ жаулықты ана Орынбасар Нағызбаева Абай даңғылы 34 «а» үйдің бесінші қабатында тұрады. Ол көршілерге өкпелі. Шатырды жаңалауға орталай ақша жинауға келіспейтін көршілер подъезд жөндеуге де немқұрайлы. Өз күшімен үй төбесін жамап-жасқап жүрген тұрғын үй төбесінен су ағуын қаланы безендіруші компаниядан көріп отыр.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Е.Рахматуллаев: «Абай даңғылы 34 «а» үй қала орталығында орналасқандықтан «Сүйікті қалам – Қызылорда!» деген жазуды «Стандарт» мекемесіне тапсырыс беріп ілгізген едік. Алайда безендіруші мекеме жұмысты талапқа сай орындады деп есептеймін. Мұның әсерінен үйдің төбесі тесілді деу негізсіз. Бұл мәселені анықтаймыз. Бұған дейін де талай үйлер шатыр мәселесімен шағым айтады. Кейде тұрғындардың өз мәселесі болса да, қолымыздан келгенше жөндеудеміз. Бұл үйлер «Азамат» ПИК-не қарайды.
P.S. Дүйсенбідегі қала әкімінің қабылдауына 161 тұрғын келді. «Ашық есіктен» қала әкіміне мәселе айтқысы келетіндер неге көп деген сұрақпен қайттық. Себебі, кейбір мәселелер әкім алдына жетпей-ақ ПИК-тердің, ауыл әкімдерінің, кейбір бөлім басшыларының құзырында шешіледі. Бүгінгі күнге дейін ПИК басшылары тұрғындарға қабылдау жасады дегенді естімедік. Содан да тұрғындар шатыр мәселесін әкімге айтуға мәжбүр. Ал, шаһар басшысының жұмысы шатырдан да биік.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА