Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Әсем Пірімова: «Баланы оқыту – болашақты бағындыру»

Әсем Пірімова: «Баланы оқыту – болашақты бағындыру»

  Ұстаз – деген ұлы есімді естігенде көз алдымызға жарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді кісі бейнесі елестейтіні сөзсіз. Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі болып қала беретіні анық. Қасиетті мамандықтың қадірін түсірмей жүрген асыл жанмен жақында жүздесудің жолы түсті. Бала тәрбиелеуде сарқылмай қызмет етіп келе жатқан Әсем Пірімова қалаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округіндегі  №138 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагог-шебер санатты мұғалімі. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Әсемнің көзқарасынан-ақ баланы оқытуды жек көрмегені байқалып тұр. Мұны өзінің сөздері де дәлелдеді.
  – «Ұстаз» деген ұлы атқа ие болу – зор мақтаныш еді. Сол ынта-жігермен, сабақты жақсы оқып, түрлі байқауларға қатыстым. Әсіресе, оқушы кезімнен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін сүйіп оқыдым. 8-сыныптан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен пәндік олимпиадаға қатысып, қалалық, облыстық кезеңдерде І, ІІ орынды иелендім. 10-сыныпта ІІ республикалық Абай оқулары конкурсында Абай мен Шәкәрімнің шығармаларынан 300 өлең жаттап, жеңімпаз атандым. Пәнге деген сүйіспеншілігім, мұғалімдік мамандығына деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан осындай түрлі сайыстарға қатысуымнан басталды деп ойлаймын. Сонымен бірге, мектеп оқып жүргеннен мұғалімнің жүрегіне жол тауып, ол кісілермен жақын араластым. Оқушыларды дәл солардай жақсы көретініме сенімді едім. Бала қиял сол мақсатты орындауға жетеледі. Арманым алдамапты, – дейді ол.
Әрбір Ұстазынан үлгі-өнеге алған Әсем Пірімова бүгінде сол ұлағатты кісілердің ізімен жүріп келеді. Талай шәкіртті білім қайнарынан сусындатып, қанатын қатайтып, мектеп табалдырығынан ұшырды. Бойына өмірден біліп-түйген тәжірибесін сіңірді.
 – Әр оқушы – бір әлем. Әрқайсысының мінезі әр түрлі, қабілеті сан алуан. Барлығына көңіл бөліп, әрқайсысын тұлға ретінде қалыптастыруға қажыр-қайрат, төзім керек. Сондықтан балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етуге тырысамыз. Бірнеше жылдық еңбек жолымда алдымнан неше түрлі оқушылар өтті. Адамның бес саусағы бірдей емес қой. Сол сияқты оқушыларым да бір-біріне ұқсамайды. Аз болса да ерекшелігі көрініп тұрады. Бірақ барлығын да жақсы көріп, білім нәрімен сусындату әрбір ұстаздың міндеті, – дейді Әсем апай ағынан жарылып.
Ізденіспен, терең оймен еңбек еткеннің нәтижесінде  ұлағатты ұстаз көптеген жетістікке қол жеткізді. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Дегенмен, 2018 жыл – жемісті болды. Осы уақытта  «Үздік авторлық бағдарлама»  республикалық  конкурсының ІІ орын жүлдегері, қала әкімінің «Үздік мұғалім» номинациясы бойынша грант иегері атанды.  Өткен жылы қалалық «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – 2019» кәсіби байқауы бойынша І орынға лайық деп танылды.
Осылай еңбек етіп жүргенде 13 жылдың қалай өтіп кеткені де байқалмады. Қызметімен қоса отбасын қатар алып келе жатқан ол 2 қыз, 1 ұлды тәрбиелеп отыр.
 «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп Абай ақын айтқандай, Әсем Пірімова өрендерді нағыз адам болуға лайықтап тәрбиелеуде. Расында, төгілген тер, атқарылған жұмыс міндетті түрде жемісін береді. Оған дәлел, оның шәкірттері бергі жылдардың өзінде үздік жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтсақ, өткен жылы қашықтықтан өткізілген республикалық түрлі конкурстарда 10 оқушысы жеңімпаз болса, 5  өрен жүлдегер атанған.  Ал биылғы оқу жылында 1-7-сынып оқушылары арасында «Зерде»  ғылыми жобалар конкурсының қалалық кезеңінде шәкірті Айша Жетпісбай І орын, облыстық кезеңінде ІІ орынды жеңіп алған. Сондай-ақ, 11-сынып оқушысы Аружан Боранқұл жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде ІІІ орынды иеленіп, ұстаз үмітін ақтаған.
– «Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп хәкім Абай айтқандай, мұғалімдіктің де өз қызығы бар. Бірақ қиындығы да аз емес, соны жеңе білген жан ғана шәкірт жүрегіне жол табады. Мен үшін оқушының сапалы білім, тәлімді тәрбие алуы маңызды. Шәкірт жетістігі – ұстаздың ерен еңбегінің нәтижесі, мұғалім мерейі. Бастысы – өз пәніңе деген білім шырағын жаға білу керек, – дейді ол.
Иә, шәкірт жүрегіне жол тауып, ұлағатты ұстаз атанып жүргендер баршылық. Дегенмен, біз Әсем Пірімова жайлы неге сөз қозғадық. Себебі, бұл аяулы кісі өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жыл ұстазы-2019» деген номинация бойынша қала әкімінің марапатына ие болды. Сол үшін де осындай зор құрметке лайық жандардың еңбегін насихаттағанды жөн көрдік. Себебі, қала бойынша еңбегі бағаланып, көптің ішінен шыққан дара ұстаз қандай құрметке болса да лайық.
Ұстазы мықтының ұстамы – мықты. Өскелең ұрпаққа білім нұрын шашып жүрген Әсем Пірімованың шәкірттері әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
21 қаңтар 2020 ж. 1 300 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам