Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қала тазалығын қадағалаушылар

Қала тазалығын қадағалаушылар

  Әдеттегідей, таңертең жұмысқа қарай асықтым. Қыстың қытымыр аязы сыртқа бір қадам аяқ басуға ерік бермей, еңсеңнен басып тұр. Әйткенмен, кержалқаулыққа жол жоқ. Тәртіп бәріне бірдей. Межелі уақытта жұмыста болуың шарт. Осындай оймен бүрсеңдеп, есік алдындағы көлікке қарай жүгірдім. Таяқ тастам жердегі көлікке жетем дегенше-ақ мезгілі туған күннің ызғары өңменіңнен өтіп барады.
         Ал, ерте оянған қалада тіршілік әлдеқашан басталып та кеткен сыңайлы. Әсіресе, көше жиегінде қар күреген әйелдер үшін әтеш айқайламай тұрып таң атқанға ұқсайды. Қыстың аязынан қорғанып, бетіне дейін қалың орамал байлапты. Тек жылтыраған көздері ғана байқалады. Соған қарамастан қатал қыстың "қаһармандары" күректі олай да былай да серпіп, жолды қар құрсауынан арылтуда. Аяқ астында шыпылдаған сулы қарға қарауға да мұрша келер емес. Сонау ұзын-сонар созылған көше бойын мұнтаздай етіп күреп барады. Күрек ұстаған жандардың бұл жұмысқа әбден төселгені көрініп-ақ тұр. Құдды бір қар таситын техникаша соңынан бірде-бір шөкім қар қалдырар емес. Арасында демін бір алып, бел жазып, сәл-пәл аяңдап алады. Құмырсқаша тынбай имеңдеп еңбек етіп жатқан сол бір нәзікжандылардың қара жұмысты да ырқына көндірген қайрат-жігеріне бас имесіңе шара жоқ. Сырттай бақылап тұрып, олардың еңбекқорлығына сүйсіндім.
         – Осы салада келе жатқаныма он шақты жылдың жүзі болды. Жасым 57-де, зейнет жасына да таяп қалдым. Біздің жұмысымыз ауа-райына, мереке, тіпті сенбі, жексенбі күндеріне де қарамайды. Кейде түнгі кезекшілікпен де еңбек ететін кездер болады. Әйтеуір, ай сайынғы еңбекақымызды алғанда осындай шаршаған кезіміз тарс естен шығады. Арасында сыйақы беріп қуантады. Арнаулы киім береді. Жалақымыз жүріп-тұруға, шәй-пұлымызға жетеді. Оған да шүкір. Үйде қол қусырып отырғаннан әлдеқайда жақсы. "Қанағат қарын тойғызады", – деді күрек сабына шынтақтай сүйенген Ғалия Бейсенова есімді апамыз ағынан жарылып.
         Діттеген жерге жеткенше осындай он шақтыдан біріккен жұмысшы әйелдер тобын әр жерден бірнеше мәрте көзім шалды. Расында, қыс маусымында қаланың қарын күреп, тазалығын қамтамасыз ететін «Қызылорда тазалығы» ЖШС үшін қазір нағыз қарбалас кезең. Тынық күндері де серіктестік жұмыскерлері бейғам отырмайды. Мезгілі жеткен күннің алдап соғар тосын мінезіне тас-түйін әзір. Бұған кәсіпорын жұмысымен танысуға арнайы барғанда көз жеткіздік.
         – Ауа райының қолайсыз күндері қала көшелерін мұздақтардан тазалауға тұз араласқан құм қоспасы арнайы дайындалып, серіктестік қоймасында сақталады, – деді "Қызылорда тазалығы" ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Нұрлан Өтепов сөз басында. Ол кісі бізбен әңгімесінде тәулігіне 24 сағат тынымсыз қызмет ететін мекеменің маусымдық жұмыстағы қызу тірлігін баяндап берді.
          – Инженерлі техникалық бөлім қызметкерлерімен кезекшілік ұйымдастырылады. Олар ауа райы қолайсыздығы салдарынан жол-қатынас байланысындағы кедергілерді болдырмай, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында мекеме техникаларының уақытылы шығуын қадағалайды. Биыл қар түскелі бері көшелерді мұздақтардан тазарту үшін 150-дей жұмысшы жұмылдырылып, 1000 тоннадан аса қар арнайы полигонға шығарылды. Екі жарым мың тоннадай қоспа себілді. Осындай ыждаһаттылықтың арқасында осы кезге дейін қандай да бір кемшілік немесе төтенше жағдай орын алған жоқ, – деді директор орынбасары.
         Мұндағы жұмысшылардың алғашқы ауысымы таңғы сағат алтыдан басталып кешке дейін жалғасады. Одан кейін келесі ауысым іске кіріседі. Ауа райын болжау қызметі кәсіпорынға мәлімет жібереді екен. Мекеме соған сәйкес қимылдайды. Болжам бойынша қалың қар, ызғырық аяз күтілмесе де, мұндағы әрбір жұмысшы, әрбір техника әрдайым тыңғылықты дайындық үстінде отырады. Ал, жұмыс өнімділігін арттыра түсу мақсатында биылдың өзінде Камаз жүк көлігі, МТ3 тракторы, бульдозер, шағын жүктеуші техникасы, қар тасымалдайтын самосвал Камаз, автобус, эксковатор сынды бірнеше жаңа техника қатары толықтырылған. Қазіргі қыстық маусымда 37 шақты техника жұмылдырылып, қарқынды шаралар жасалуда. Әр көліктің өз міндеті, өз бағыты бар. Бірі қар тасыса, енді бірі артынша жол үстіне қоспа сеуіп отырады. Әнекей, әудемжерде бір-бірін өкшелей қуған көліктер легі тағы да тізбектеле зырғып барады...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
14 қаңтар 2019 ж. 1 384 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам