Қыстың қарбалас шағы
Қаңтар болғалы қыс қаһарына мінді. Айдың басында аздаған қар ұшқындап, ағаш бұтағын қырау шалып, мезгілдің бейнесін байқатқан еді, күнтізбенің жетінші жұлдызынан жапалақтап, жер-дүниені жаппай жаулап алғандай ақ көрпесін аямай, бір демде басып тастады.
Ойын баласына мұның қызығы көп шығар, ал, көше тазалау көп күш екенін жауапты мекеме ғана сезінеді. Қаздай тізілген жол тазалағыш көліктер басты көшелерге түсті де агрегатты қосып зулай жөнелді. Қарды көліктер таптамай тұрып, сыпырып алу қамында уақытпен санаспай сырғиды. Таң бозынан күрегін сайлаған көше тазалығын күтушілер күнделікті қауырт күйінде жұмысқа кірісіп кеткен. Ары-бері өткен жүргіншілер: «Нағыз еңбек осылардыкі. Тыным таппайды, тазалықты ұдайы сақтайды» деп риясыз ризалық көңілін білдіріп жатыр. Шынында солай екені бәріне аян. Жаяу-жалпылап көше бойында кезіп жүргенін көз көріп жүр. Жәй жүрген жоқ, қоқыс болса қоқысты, қар болса қарды дер кезінде жинап, елге қызметін адал атқарып, көптің тілеуін орындап келеді. Ерен еңбекті біз де елейміз, жұрттың жылы сөзі сіздерді жарылқай берсін!
9 қаңтар күні «Қала тазалығы» мекемесіне хабарласқанымызда, 120 жұмысшы күші мен 42 техника жұмылып, көшені қардан тазалауға тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын айтты. Айтарға оңай болғанмен, маңдайдан аққан ащы тердің нәтижесі көшенің көктайғақ болуынан сақтап қалды. Бұл ел амандығы үшін жасалған үлкен үлес деп ұғамыз.
Бұған біздің қосарымыз – қаланы құтты қонысым дейтін әрбір тұрғын ортақ мүддеге патриот болса құба-құп қолдау болатыны ақиқат.
Қ.ҚҰРБАН.