Оңай олжа оңалтпас
Өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті Қылмыстық атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, ЗК-169/1 мекемесінің мәжіліс залында ішкі істер органдары қызметкерлерімен кездесу өтті. Онда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Бақытжан Ниязов сыбайластық мәселесі төңірегінде кеңінен тоқталды.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, сыбайлас жемқорлыққа жол беретіндер арасында ішкі істер органдары басымдыққа ие. Яғни, елімізде бұған көп жол беретіндер солар. Сондықтан онымен күресуде алдымен заң қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығы маңызды. Осы орайда мекеме басшының орынбасары оларға алдымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңына енгізілген өзгерістер туралы айтып берді. Ол өз сөзінде халықтың сенімін арқалаған қызметкерге қолданылатын жаза қарапайым азаматтың жазасынан әлдеқайда ауыр екенін атап өтті. Оңай олжаға алданудың салдары бүтін отбасының сенімін жоғалтып, өзіннің, балаңның болашағына балта шапқанмен тең дегенді ұғындырды. Сол себепті, мұндай сәтте әуелі пара берушінің арбауына түспейтіндей психикалық тұрғыда мықты, құқықтық жағынан сауатты болу керектігін тілге тиек етті. Мұндай бағыттағы түсіндірме жұмысы жоспарға сай барлық ішкі істер органдары мекемелерінде тұрақты өткізіліп келеді.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы іс-шаралар бұған дейін де тұрақты өткізіліп келді. Өткен жылы мекеме қызметкерлері тарапынан бұл мәселеге қатысты құқық бұзушылықтар орын алған жоқ. Алдағы уақытта да осы деңгейде жұмыс атқарылады. Оның ішінде «Нұр-Отан» партиясымен бірлесіп және медиа жоспарға сай насихаттық шаралар жүргізіледі, – деді жиында ЗК-169/1 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Алмат Тасқараев.
Сыбайлас жемқорлық қоғамды дендеген дертке айналды. Сын сағатында ар-ұятын таразылай алмағандар әп-сәтте құлқынның құрбаны болуда. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, алған үстіне ала берсем дейтіндердің көбеюі мәселені күрделендіріп отыр. Дегенмен мұның салдары қаншалықты ауыр болатыны қазір көпшілікке мәлім. Осы кезге дейін «бармақ басты, көз қысты» қылған қаншама қызметкер сан соқты. Бір сәтте жаңылыс басып, опық жеді. Енді бұған тосқауыл одан әрі күшейе түседі.
Айдана СЕЙІЛ