Аралдық кәсіпкерлер: Ветеринар уақытпен санаспаса
Кәсіпкерлер палатасының Арал ауданында өткен есепті кездесуінде бизнес өкілдері біраз мәселенің шетін шығарды. Кездесуге барған Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов Палатамен атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша ақпарат беріп, әр мәселеге қатысты түсіндірме жүргізді.
Аралдық кәсіпкерлер қызметкерлерге төленетін жалақыға қосымша экологиялық коэффициентті мемлекет көтерсе деген ұсыныстарын жеткізіп отыр, «қалтамызға салмақ салуда»,- дейді. Мұнан өзге, бизнес өкілдері құжаттарды жинақтап, ұсынғанымен уақытылы төленбей отырған субсидияға қатысты көмек көрсетуді, қасқырдың малға шабу оқиғаларының көбеюіне орай шопандарға қару ұстауға рұқсат беруді, мал базарына сенбі-жексенбі мал әкелетін кәсіпкерлер үшін ветеринар мамандарының уақытпен санаспай жұмыс жасауын (ветеринарлар тиісті құжатты сенбі, жексенбі күндері база жұмыс жасамауына байланысты бере алмайды екен), балық шаруашылығымен айналысатын мамандардың тапшылығын, соған сәйкес маман даярлауға арналған оқу орталықтарын ашуды, балық қорының азаюының алдын алу үшін инкубациялық цех салу мәселесін қарастыруды сұрады.
Бұл мәселелердің барлығы ауқымды, әрі тиісті органдармен бірлесе шешуді қажет ететіндіктен арнайы жоспарға енгізілді. Алдағы уақытта қажетті шаралар қабылданатын болады.