«Такси» қызметімен айналысатын қазалылық кәсіпкерлердің өтініші қанағаттандырылды
Естеріңізде болса, осы жылдың шілде айында палата алаңында өткен кездесуде облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов бұдан былай аптаның әр бейсенбісі күні аудандық және қалалық, облыстық кірістер департаментінің басшылары кәсікерлерді жеке мәселелерімен қабылдайтынын жеткізген болатын.
Осы тапсырмадан кейін қала, аудандық салық басқармасының басшылары кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал алаңында апта сайын кездесулер өткізілуде.
Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында өткен кездесуде бір топ такси қызметін көрсетуші дара кәсіпкерлер аудандық кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаровтан тіркелмей, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын азаматтардың қызметіне тосқауыл қоюын сұрады.
«Бүгінде ауданымызда тіркелмей, «такси» қызметімен айналысатын көлік иелері санының күн санап артуы түйткілді мәселеге айналып отыр. Біз тіркеліп, уақытылы салығымызды төлеп, қызмет етіп отырмыз. Алайда заңсыз жұмыс жасайтын, тіркелмеген таксистердің арқасында біз нәпақамыздан айрылып отырмыз», - дейді «такси» қызметін ұсынушы кәсіпкерлердің бірі.
Жеке кәсіпкерлердің өтінішінен кейін аудандық кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров аз уақытта аудан әкімдігімен бірге тиісті шара қабылдауының нәтижесінде халық көп шоғырланған жерлерде такси тұрақтары белгіленіп, құжаттары рәсімделуде.
Өз кезегінде кәсіпкерлер мәселелерінің шешілуіне жағдай жасаған Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына да, аудандық кірістер басқармасының басшылығына да алғысын білдірді.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі