Жоғары қабатқа су көтеріледі ме?
Қызылорда қалалық мәслихатының «Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және экология мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы болып өтті. Комиссия отырысында «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның атқарып отырған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы» мәселесі қаралды.
Іс-шара барысында мәслихат депутаттары Тасбөгет кентінде орналасқан «Қызылорда Су жүйесі» бас тоған су алу ғимаратының жұмысымен, «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның әкімшілік ғимараты, өндірістік базасының жай-күйімен танысты.
Депутаттық аралау шарасы кәсіпорын ғимаратында жалғасып, күн тәртібіндегі «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның атқарып отырған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы» мәселесіне орай кәсіпорын директоры М.Жәмиев хабарлама жасады.
Депуттар тарапынан жоғары қабаттағы пәтерлерге ауыз судың көтерілмеуі, ауыз су және кәріз су құдықтары қақпақтарының ашық қалуы, ауыз су сапасы, кәріз су қалдықтарын кез-келген жерге төгіп кету, кәсіпорын қызметкерлеріне уақытылы жалақы төлеу және басқа да сұрақтар қойылып, сала мамандары жауаптар берді.
Қазіргі таңда 700-ден астам азамат жұмыс жасайтын «Су жүйесі» кәсіпорны қала тұрғындарын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету үшін тәулігіне 44,7 мың текше метр таза ауыз су өндіріп 77308 тұтынушыларға таратуда. Сонымен бірге, мекеме теңгеріміндегі 33 арнайы техника мен 7 автокөлік халыққа қызмет көрсетуде.
Тұрақты комиссия отырысында көтерілген мәселелердің шешілуі қалалық мәслихаттың бақылауында болады.