Жаңа жүйе жұмысын бастады

– МӘМС жүйесінің азаматтар үшін тиімділігі қандай?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы сапаға қол жеткіземіз. Сондай-ақ, азаматтардың тапқан табысына, төлеген жарна пұлына қарамастан медициналық көмектің барлық түрі көрсетіледі. Яғни, қарапайым стационарлық көмектен бастап, жоғары деңгейдегі мамандандырылған қызмет, дәрі-дәрмекпен қамту, диагностикалық кеңес беру, паллиативті көмек т.б қызмет түрі қарастырылған. Соның аясында медициналық қызмет алуға жұмсалатын қосымша төлемге шығынданбайсыз. Сапасыз қызмет көрсетілсе немесе жүйе қатысушысы ретінде құқығы бұзылса Қор тарапынан мүддесі қорғалады. Бұдан өзге де көптеген тиімділігі бар.
– Жүйеге қатысушы ретінде қанша жарна аударылғанын, қандай медициналық қызмет алатынымды қалай білемін?
– 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап өткен жылдың соңына дейін облыс тұрғындары әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 7,1 млрд. теңге аударды. Қазіргі күні аймақ халқының 86,6 проценті шартты түрде сақтандырылған. Ал медициналық көрсетілетін қызметтерді, қорға аударылған жарналар туралы ай сайын ақпарат алуға болады. Оны egov.kz электронды үкімет порталынан немесе Халыққа қызмет көрсету орталығынан, емханадағы ақпарттық жүйеден білуге болады.
– Тұрақты жұмысы жоқ азаматтарға медициналық көмек қалай көрсетіледі?
– Тұрғындардың сақтандырылу мәртебесін анықтау, олардың медициналық сақтандыру жүйесімен толық қамту өте маңызды шара. Бүгінгі таңда облыста 22 мыңнан аса азаматтың мәртебесі анықталмаған. Жұмыссыздар, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған азаматтар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Онда оларға жұмысқа орналасудың мүмкіндігі қарастырылады. Жұмыссыз мәртебесі берілген жағдайда ғана мемлекет Қорға белгіленген мерзімге дейін жарна аударып отырады. Сондай-ақ, жұмыссыз мәртебесін алмаған азаматтар МӘМС жарнасын өзі төлеуге міндетті. Әйтпеген жағдайда оған медициналық көмек қолжетімсіз болады.
– Егер шұғыл жағдайда медициналық көмек керек болса, қайтпек керек?
– Шұғыл көмек азаматтардың сақтандырылмағанына қарамастан көрсетіледі.
– МӘМС жүйесіне жарнаны кімдер төлемейді?– Азаматтардың 15 санатына төлемді мемлекет төлейді. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, ҰОС ардагері, мүгедектер мен көп балалы ана, жүкті әйелдер, бала күтімімен демалыстағы аналар, студенттер, интернат тәрбиеленушісі, мүгедек жандардың күтушісі, тіркелген жұмыссыздар, тергеу изоляторы мен жазасын өтеушілер бар.
– Жарнаны ерікті төлеуші азаматтар төлемді қалай жасайды?
– Бұл жағдайда облыстың барлық медицина ұйымдарында төлем терминалдарын орнату қолға алынуда. Қазіргі уақытта «Қазпошта» АҚ филиалдары мен «KaspiBank», «Қазақстан Халық Банкі» және басқа да екінші деңгейлі банктер арқылы төлем жасауға болады. Ерікті төлеушілер ең төменгі жалақының 5 процентін яғни, 2125 теңге көлемінде ақша аударады.
Бүгінгі күні аймақтағы медицина ұйымдары компьютер, ғаламтор желісімен толық қамтылған. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының ұйымдастыруымен 15 мыңға жуық медицина қызметкері МӘМС жүйесі бойынша оқу курсынан өткен. Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс негізінде 72 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның 40-тан астамы жеке меншік саналады. Олардың барлығы тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда еліміздің барлық тұрғыны 3 ай көлемінде шартты түрде сақтандырылған. Сәуір айынан бастап олар сақтандыру пакеті негізінде қызмет алатын болады.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ