МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖАЙЫНДА ӘҢГІМЕ ҚОЗҒАЛДЫ
«Өрт сөндіруші» АҚ Қызылорда облысы филиалының жұмыскерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тақырыбында кездесу ұйымдастырылып, түсінік жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, жұмысшыларға түсіндіру мақсатында аталған мәселеге қатысты буклеттер таратылды. Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының қызметкері осы бағытта атқарылып жатқан шаралар аз еместігін, аталған жүйеге дайындық жұмыстары жүйелі басталып кеткендігін айтты.
Филиал директоры Ғ. Төрешов жиналысыныда сөз сөйлеп, келесідей мәселені атап өтті. 2017 жылдың 1-шілдесінен бастап, барлық жұмыс берушілер әрбір жұмыскер үшін міндетті жарна төлеуді бастайтынын айтты. Медициналық сақтандыру жүйесі бізге біріншіден, тұрғындарды медициналық қызметке кететін елеулі шығындардан қаржылық тұрғыда қорғауға, жоғары сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге, медициналық қызмет көрсету жүйесінің тиімділігі және қаржылық тұрақтылығының кепілін арттыруға мүмкіндік тудырады. Өз кезегінде бұл медицина қызметінің тұрғындар үшін қол жетімділігін арттыруға оң ықпал етпекші. Жүйе сондай- ақ, денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкерлердің ортақтаса атсалысуына негізделгенін атап өтті.
Кездесу барысында, филиал жұмыскерлері көптеген көкейтесті сұрақтарын қойды. Жұмыс істеуші зейнеткерлерге міндетті жарнаны кім төлейтінін, сонымен қатар басқа қалаға көшкен жағдайда қызметтің қалай ұйымдастырылатыны туралы және т.б. сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру елбасының «100-нақты қадам» ұлт жоспарындағы сексенінші қадам. Медициналық сақтандыру алдымен тегін медициналық көмек түрлерінің көбеюіне, дәрі-дәрмек сапасының артуына ықпал етеді.