АРНАЙЫ ТОПТЫҢ ЖҰМЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Облыстық кәсіпкерлер палатасында бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру, ел экономикасына және міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тарту жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары нақтыланды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Нұрлан Мақсұтов қатысты.
Бұл жүйенің негізінде – өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың кірісін есепке алу, салық төлеу және зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйелеріне қатысу мәселелері толықтай өз шешімін таппақ. Соған сәйкес алдағы уақытта елдегі барлық тұрғындарға бірдей тең дәрежеде медициналық көмек көрсетіледі.
– Зейнетақы жарналарынсыз жұмыс істейтіндер мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей өз бетінше қызмет етіп жүрген әрбір азамат жұмыссыздардың қатарына кіреді. Қазіргі кезде облысымызда 97500 азаматтардың мәртебесі нақтыланбаған. Бүгінде 2020 жылдан бастап толықтай әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына көшірілген кезде қиындықтар туындамас үшін арнайы жұмысшы топ құрылды, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жанар Дәулетбаева.
Фариза МАДИЯРОВА,
ҚМУ-дің IV курс студенті.