Мәдениетті қолдау маңызды
Қызылорда қаласы – мәдениеті мен өркениеті өркен жайған өрелі өңір. Қасиетті топырағынан қазақтың жезтаңдай әншілері, шашасына шаң жұқтырмаған ақындары, театр тарландары шықты. Олардың жалғасы болып талай талантты ұрпақ өсіп келеді. Мұндайда «талантты талап өсіреді» деген өсиет сөз еске түседі. Талаптанған баланы қолдау үшін түрлі үйірме, мәдениет ошағы, өнер ордасы қажет. Бүгінде қалада тұрақты жұмыс істейтін өнер ұжымы жеткілікті. Ендігі жерде ауыл өміріне қажетті осындай жаңашыл мәдениет үйлері болғаны қандай керемет!
Рас, жыл сайын қалада тек аймақтық деңгейде емес, республикалық, халықаралық деңгейде мәдени шаралар ұйымдастырылып, төл мәдениетіміз дамуда. Мәдениет нысандарының саны артып, өнер адамдарына құрмет көрсетілуде.
Сөз басында айтылғандай, игілікті істердің жалғасы ретінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақжарма ауылдық округінде 150 орынға арналған мәдениет үйі пайдалануға берілді.