Ел мерейін тасытқан мәдениет үйі
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласына қарасты Ақжарма ауылдық округінде мәдениет үйінің салтанатты ашылуы болып өтті. Оған қатысқан қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл тұрғындарын Жаңа жылмен құттықтап, маңызды нысанның ашылуына орай жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Сыр өңірінің бас шаһарында соңғы жылдары өзекті деген мәселелер шешімін тауып келеді. Әсіресе, халыққа қажетті көптеген әлеуметтік нысан салынып, тұрғындар игілігін көріп отыр. Сондай жақсы істің бірі ретінде мәдениет үйінде айтуға болады, – деді қала әкімі.
Мәдениет үйі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған. Қалалық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Қайрат Орынбасарұлының қолдауымен аз ғана уақыт ішінде заман талабына сай әсем ғимарат бой көтерді. Бұл қуаныштың бір ерекшелігі, осы уақытқа дейін ауылда мәдениет үйі болмаған.
Жаңа клубтың көрерменге арналған залы 150 орынға лайықталған. Сондай-ақ, ардагерлер, директор, әдіскер, әрлену бөлмесі бар. Одан бөлек кітапхана мен үйірме мүшелері жұмыс жасайды.
Жаңа мәдениет үйі барша тұрғындар асыға күткен мекеме болған. Бұл, әсіресе жастар үшін ең керекті ғимарат еді. «Жастар жылында» оларға үлкен сый болды.
– Ауылда көптен күткен ғимарат пайдалануға берілді. Ұрпаққа берер тағылымы мол мәдениет ордасымен толыға түсті. Мекеме іші заманауи технологиямен жабдықталған. Музыкалық құрал-жабдықтары да жаңаланған, – деді «Сәулем-ай» әжелер ансамблінің мүшесі Қалдыгүл Болтаева.
Ең бастысы, ауыл халқына шығармашылықпен айналысуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Клуб ауылда мəдени шығармашылық орта қалыптастырып, еліміздің ұлттық құндылықтарын жастардың бойына сіңіруде үлкен рөл атқаратыны анық.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ