СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Кеше "Халықаралық театр күніне" орай Сырдария аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған "Халық театрының" ұжымы атақты драматург С.Раевтың "О, қыздар" драмасын сахналады. Көрерменге ой саларлық мәнді қойылымды аудан тұрғындар мен қонақтары тамашалады. Атаулы күнге орай ұйымдастырылған іс-шараға аудан әкімінің баспасөз хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Өнер мен мәдениет қай кезде де егіз ұғым. Сол себепті, мәдениет – өмір айнасы деп аталса, өнер – халық мұрасы ретінде бағаланады. Ал, алты Алашқа ана болған қасиетті Сыр өңірін – өнер мен мәдениеттің ордасы десек артық айтқандық емес. Өздеріңізге белгілі, бүгін халықаралық театр күні. Бұл атаулы күн 1961 жылдан бастап кең көлемде мерекеленіп келеді. Халықаралық театр күнін – саналы ғұмырын сахнада өткізетін әртістердің ғана емес, өнерсүйер қауымның да төл мерекесі деп айтсақ жарасады. Бүгінде тоқсан жылдық тарихы бар серпінді Сырдария ауданында өнер мен мәдениет саласы қарқынды дамып келеді. Республика бойынша ауданымызда ең бірінші рет аудандық бюджет есебінен ауылдық клуб үйлерінің құрылысы жүргізіліп, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. Қазіргі таңда аудан бойынша барлығы 35 мәдениет ошақтары халыққа сапалы мәдени қызмет көрсетуде. Ауданның мәдениет үйлері мен клубтарында былтырғы жылы барлығы 968 мәдени шара ұйымдастырылып, 162 мың көрермен қамтылды. Ақылы қызметтен 10 млн. 811 мың.теңге қаржы түсірілді. Аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлының тікелей қолдауымен мәдениет ұжымдары аудандық, облыстық деңгейде бірқатар байқаулар ұйымдастырды. Аудан өнерпаздары республикалық деңгейде өнер көрсетіп, жеңімпаз атанып, аудан абыройын асқақтатып, мерейін тасытты. Мұның бәрі ел бірлігінің жемісі, бірлесе атқарған еңбектің нәтижесі. Ұтымды үйлестірілген жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да лайықты жалғасын табатын болады. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау арқылы «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруды мақсат тұтқан еліміз үшін мәдениет саласының алар орны ерекше екені анық. Алашқа ана болған қасиетті Сыр өңірінде өнер мен мәдениеттің биік шыңына шығып, халықтың алғысына кенелген дарынды тұлғалар көп және біз олармен әркез мақтанамыз. Соның ішінде театр өнерінің майталмандарына деген елдің ықылас-пейілі ерекше. Бір ғана Сәбира Майқанова апамыз күллі қазақ елінің мақтанышы. «Театр анасы» атанған тұлғаның келешекте лайықты ізбасарлары шығатынына сенім мол. Сіздерді аудан әкімінің атынан «Халықаралық театр күнімен» құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін!,- деген Ақтөре Ибрагимұлы ауданның мәдениет саласының дамуына өзіндік үлес қосқан «Халық театры» ұжымына және бірқатар азаматтарға аудан әкімінің "Алғыс хатын" табыстады.
Халықаралық театр күніне орай өткен шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев ауданның мәдениет саласының алдағы міндеттері ауқымды екенін атап өтті. Сонымен бірге, «Халық театры» ұжымының актерларына құрмет көрсетті. Осылайша, тәрбиелік мәні мен маңызы зор қойылымнан рухани ләззат алған көрермен қауым бір серпіліп қалды.
Бақберген Әбілқасым