Қара базардағы күріш бағасы қандай?
Жылдағы “дәстүр бойынша” жалақы қосылса, бензин көтеріліп, зейнетақы өссе, азық-түлік бағасы аспандайтын әбігер қайта басталды.Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы халыққа қиынға соқты. Елдің алаңдауына себеп жоқ емес. Ағымдағы жылдың алғашқы аптасында әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлері түгелге жуық қымбаттаған. Күнделікті май, пияз, картоп, жұмыртқа секілді ішіп-жем азықтардың баға қосқаны қызу талқыда. Қымбатшылықтың салқыны Сыр жұртшылығын да айналып өтпеді. Алайда бізді алаңдатқан мәселе күріш бағамы еді. Қамбаны асыра толтырып, рекордтық көрсеткіш орнатуға бейім Сыр елінде күріштің қымбаттауы – өзге түгіл, өзімізге таң жайт. Соңғы кездегі аймақ диқандарының еңбегі де, жаңа сорттың жаңалығы да биылғы бағаға сеп бола алмады.
Базарға бара қалсаңыз, күріштің алуан түрі бар: «Элита», «Новатор», «Лидер», «Ақ маржан» сұрыптары. Алайда, барлығының біркелкі бағасы 300-400 теңгенің айналасында құбылса, дүкендерде мұнан да да жоғары. Биылға дейін келісі 180-200 теңгегесаудаланып келген күріш сұрыптары бүгінде тым жоғары. Мәселен, «Лидер» күрішінің келісі — 300 теңге болса, «Элита», «Ақ маржан»күріштері— 350 теңгеден сатылуда.Сатушылардан бағаның неліктен көтерілгенін сұрай қалсаң, бәрінің берер жауабы бір – «Өзіміз қымбаттан аламыз».
–Бәрі нарық, бәсекелестік ыңғайына қарай белгіленеді. Бізге сататын делдалдар бағаны көтерді. Сол себептен, күріш бағасы қымбат. Біздің кінәміз жоқ. Қазір күріш келісіне 10-20 теңге артық қоюдамыз. Есептесеңіз, 10 теңге –тасымалына, 10 теңге – қалтамызға түседі. Басқа амал жоқ. Барлық күріш сұрыптары қымбаттады деп айтуға да болмайды. Әртүрлі сорттағы күріштің бағасы сан қилы. Сапасы мен сұранысқа қарай құбылып отырады. Сатып алушылар тарапынан наразылықтар айтылады. Бірақ, қайтеміз енді, нарық пен бәсеке деген бар, – деді базар сатушысы Айнагүл Сапарбекова.
Бір қызығы, күріш қанша көтерілсе де сатылым азаймаған. Тұтынушылар да күріш бағасына бір қарап, сатушыларға «қымбаттапты» дегеннен өзге уәж айтпайды. Алайда тұрғындардың іштей наразылығы байқалады. Көпшіліктің ой-пікірін білу мақсатында жүргізілген сауалнамадан аңғарғанымыз, ел де азық-түліктің көтерілгеніне алаңдаулы:
– Жылдан-жылға азық-түлік бағасы қымбаттауда. Зейнетақы өскенімен, тауарлардың бағасы шарықтап кетеді. Соның ішінде күріш, жұмыртқаның қымбаттағаны қиын. Күнделікті қолданыстан бөлек, той-томалақта, жиында палау басамыз, күріш әзірлейміз. Бірнеше жылдан бері немерелеріме таңғы асқа жұмыртқа асып беру де дағдыға айналып еді. Базарға келсек бәрі қымбат. Халық көп дүние сұрамайды. Тек ғана азық-түлік бағасының қолжетімді болғанын қалайды, – деді зейнеткер Жамал Күмісбаева.
Әрине, аталған келеңсіздік бүгін пайда болмағаны анық. Қазақстанға қажетті күріш дақылының 90 пайызын өсіретін Сыр еліндегі баға бағамы өткен жылы-ақ ел назарына ілінген еді. Сол тұста облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ерхан Ағыбаев «кінәні» көрші елдерге аударып: «Күріштің қымбаттау себебі — шекаралас басқа мемлекеттерде күрішке сұраныс көбеюінен және де осыған сәйкес баға өзгеріске ұшырады» деп мәлімдеген-ді. Арада жарым жыл өтсе де, ахуал оңалмады. Оған алыпсатардың пайда табу үшін жасаған әрекетін қосыңыз. Билік тарапынан әлеуметтік дүкендер арқылы жағдайды бақылауға алуға талпыныс жасағанымен, нәтиже аз. Көптің көңіл-күй ауанынан аңғарғанымыз, халық ендігі күріш құнының арзандауын күтпейді, билік осы бағаны ұстап тұрса да – разы.
Көп тілегін қаперге ала, азық-түлік бағасын бақылау, сараптау жұмыстарының жай-күйін Қызылорда қаласы әкімдігінің “Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы бөлімі” КММ-нің бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушыДаулетбек Абдирасуловтан сұраған едік. Маман аталған мәселені шешуге бағытталған шаралар тұрақты бақылауда екенін айта келе:
–Базар бағасын тұрақтандыруға байланысты 14 өнім бойынша жүйелі мониторинг жүргізілді. Қазіргі таңда нарықта жұмыртқа, қарақұмық, қант, қаймақ секілді өнімдерінің бағасы көтерілгені байқалды. Бұл орайда, қаладағы 14 сауда орынымен жасалған меморандумға сәйкес, 2020 жылдың 31 желтоқсан айына дейін «Алтын қамба» АӨК сауда-логистикалық орталығы арқылы азық-түлік сатып алу жүргізілуде. Бұл қаладағы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға жол ашады. Алайда, өткен жылдың соңы және биылғы жылда күріш бағасында ешқандай өзгеріс болған жоқ, – деді.
Күріш бағасының артуы еңбек өкілі – диқаншылар үшін де жағымды жаңалық екені сөзсіз. Жаз бойы егін басын мекен етіп, күн райы мен жауын-шашында Сыр маржанын қызғыштай қорыған диқанның алтын дәннен алар пайдасы артса құба-құп. Маңдай терін еңбекке сауып, кетпен күшін ел ырысына бағыттаған диқанның ырысында қаншама отбасының, бүтін ауылдың несібесі жатыр. Сондықтан, қымбаттаудың бір ұшы елге сеп болса, сабырмен қарау керегі де түсінікті. Алайда, күрішті аймақтағы ағайынның базынасы – базар бағамына сақтық болса деген тілеу ғана.
P.S. Статистикалық мәліметке сәйкес, өткен жылдың 10 айында экспортталған аймақ күріші 56 мың тоннаға жеткен. Сыр елінің мерейіне баланып, әкімдер есебінде ауыз толтыра айтылатын бұл жетістіктен бұқараға нендей пайда?!. Осы орайда «ішкі нарықты тұрақтандыруда бірізділік қалыптаспай, өнімді сыртқа тасымалдау қаншалықты тиімді?» деген сауал туындайды. Әрине, ұлттық брендке айналдыру, табиғи күріш сапаның қазақстандық моделін жетілдіру дұрыс-ақ. Алайда, қарапайым халыққа ішер астың арзанға түскені мемлекет үшін ең үлкен жетістік екенін ескерсек екен.
Ерсін ШАМШАДИН