Баспана – басты мәселе
Жастық жалынмен «Отан – отбасынан басталады» дейміз де отау құрып алып, сосын баспанаға байланысты «бас ауру» басталады. Адам өз шаңырағым, өз үйім болса екен деп армандайды. Оған әркім әрқалай, біреу ерте, біреу кеш қол жеткізіп жатады.
Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда ел тұрғындары үшін тұрғын үйге қол жеткізудің мүмкіндігі көп. Осы орайда несиелендіру мәселесіне байланысты мемлекет тарапынан халыққа тиімді бағдарламалар ұсынылып жатыр. Мәселен, өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында біршама тұрғын үй кешені ел игілігіне берілді. Мемлекеттің мыңдаған азаматқа жасаған қамқорлығы мен мүмкіндігінің нәтижесінде көптеген отбасы шаңырақ шаттығына бөленді.
Бүгінде елімізде азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бағдарламалар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын халықты баспанамен қамтамасыз етуде көпшілік бір жаңалық күтетіні белгілі. Бұл орайда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» нендей жаңалық ұсынбақ? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің редакциясы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы мамандарымен қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдауды «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Айжан Аралбайқызы әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде жүргізді.
Тікелей эфир арқылы байланысты Айжан Арайбайқызы тұрғындарға жаңа жылдың жаңалықтарын айтудан бастады.
– 2019 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттің сыйлығын алатындар саны көбейген. Бұл дегеніміз – тұрғын үй алу үшін есепшот ашуға тұрғындардың қызығушылық танытып отырғандығын аңғартады. Оның ішінде қызылордалық салымшылардың саны 60 мыңға дейін өсіп отыр. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін жүзеге асырылып келген «Нұрлы жер» бағдарламасының шартына сәйкес конкурс 50/50 пайыздық үлеспен жүргізілді. Мысалы: 50 пайызына тек қана ЖАОда тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтар қатысса, қалған 50 пайызына салымшылар арасында конкурс ұйымдастырылатын. Биыл аталмыш бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, «Нұрлы жер» бағдарламасының 2020-2025 жылға бағытталған жаңа талаптары іске қосылды.
Айжан Аралбайқызының айтуы бойынша, бірінші кезекте конкурсқа тұрғын үйге мұқтаж, жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтар өтініш береді. Ал іріктеу жүргізіліп болғаннан кейін ғана қалған пәтерлерге банктің жалпы санаттағы салымшылары «Тікелей сатылым» арқылы, онлайн брондау жасап ұнатқан пәтерлерін таңдап алуға мүмкіндігі бар.
Тұрғындар арасында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы есепшот ашып қойсам, ұзақ мерзімді жылы рөл ойнайды» деген пікір қалыптасқан. Алайда, тұрғын үйге қол жеткізгісі келетіндер алдына үш мақсат қою қажет. Банк қызметкері сол үш мақсатты атап өтті. Бірінші, міндетті түрде есепшот ашу қажет, екіншісі, сол есепшотқа жұмыс істеу қажет. Яғни, ай сайын төлемді толтырып отыру керек.
Иә, бәріміз де есепшотты ашып, мүмкіндік болса, тұрғын үйге қол жеткізсек деп армандаймыз. Тек, әрекетке көшпейміз. Бүгінгі тікелей желі арқылы өткен қоғамдық қабылдауда баспаналы болу жолдары, қаржы жинақтаудың тиімділігі, мемлекет тарапынан қосылатын сыйақы мөлшерлемесі тақырыбында сөз қозғалды. Инстаграм, фейсбук желісі арқылы көптеген сұрақ қойылды. Біз соның ішінде маңызды дегендерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Бәлкім, сіз де көкейдегі сұрағыңызға жауап тауып қаларсыз...
Бүгінгі қоғамдық қабылдаудан байқағанымыз, көпшілікті жаңа үйлер қызықтырып, онда неге 4-5 бөлмелі болып салынбайды? – деген сұрақ толғандырады екен. Бұл сауал бойынша банк мамандары бірқатар жұмыс жасалғанын айтып өтті. Мұндай пәтерді сату қиынға соғатынын жеткізді.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша басқа қаладан үй алуға мүмкіндік бар ма?
– Жоқ, аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша тек өз аймағынан ғана үй алады.
– «Бақытты отбасы» бағдарламасы қашан басталады?
– «Бақытты отбасы» және «Әскери баспана» бағдарламалары бойынша ақпан айының соңғы күндерінде ақша бөлінгенін күтіп отырмыз. Осыған орай, наурыз айында «Бақытты отбасы» бағдарламасын бастаймыз. Содан кейін әскери бағдарлама бойынша конкурс жүргізіледі.
– «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй алайын деп едім. Бірақ қазіргі таңда бала күтіміне байланысты демалыста отырмын. Үйде отырған анаға беріледі ме?
– «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша әйел кісі жұмыссыз немесе бала күтіміне байланысты демалыста болса міндетті түрде жолдасы жұмыс істеу қажет. Егер жолдасы да жұмыссыз болған жағдайда, кезекте тұрған әйел кісі алты ай жұмыс жасауға міндетті.
– «Өз үйім» бағдарламасы жөнінде айтып өтсеңіз...
– Аталған бағдарлама атында үйі барларға және банк салымшыларына жақсы бағдарлама. Бұл бойынша кез-келген қаладан үй алуға болады. Мәселен, біздің қаладан есепшотты жинап отырып, өзге аймақтардан «Өз үйім» бағдарламасының конкурсы басталса қатысуға мүмкіндік бар, ол тек жаңа үйден беріледі. Алайда, оған 50 процентін салу арқылы қатысу қажет. Егерде 3 жыл жинаған болса есепшотты 5 процентпен беріледі. Ал бірден жарты пайызын салған болса, 7 – 8,5 процентпен беріледі. Бірақ кейінгі 3 жылды уақытылы төлесе, банк қайта қарастыру арқылы 5 немесе 4,8 процентке түсіріп береді.
– Әкесі өз есепшотын қызына аударуға бола ма?
– Туу туралы құжатын куәландыру арқылы есепшотын аударуға мүмкіндік бар. Сатып алу басқаша. Ал туысқандық басқа. Қажетті құжаттарды жинап, есепшоттағы ақшасымен аударып алуға мүмкіндік бар.
– Тұрғын үй алуға жинаған есепшотты басқа мақсатқа пайдалану үшін несие беріледі ме?
– Өте жақсы сұрақ. Бұл көптің көкейінде жүрген мәселе. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» кредитті жеті мақсатта береді. 1. Үй алу. 2. Үй сатып алу жер учаскесімен. 3. Үй салу, 4. Үйді аяқтауға. 5. Үйді жөндеуге. 6. Басқа банктерді ипотекалық заемдары болса, соны қайта қаржыландыруға. 7. Сонымен қатар, үй алып соны жөндеуге деп алуға мүмкіндік бар.
Бүгінгі тікелей желіге қатысқан әлеуметтік желі қолданушылары белсенді болды. Олар бірқатар сұраққа жауап алды. Расында, кейбіріміз тұрғын үй алуға есепшот ашып қоюға мән бермейміз. Егерде мүмкіндік болып, үй алуға есепшот ашып оны уақытылы толықтырып отырсақ, кез-келген сәтте баспаналы болға мүмкіндік мол екен. Оны бүгінгі банк мамандарымен өткен кездесуден кейін түсіндік.
Айта кетейік, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінің бірі – тұрғын үй құрылысының көбеюі десек қателеспейміз. Сыр өңірінде мұқтаж отбасыларды, көпбалалы аналарды баспанамен қамту мәселесі қай кезде де назардан тыс қалған емес. Баянды бастамалар алдағы уақытта да ел әлеуетін көтеруге дәнекер бола бермек.
Айтпақшы, алдағы уақытта да оқырманды қай мәселе толғандырады, біз қоғамдық қабылдауды түрлі сала өкілімен өткізуді дағдыға айналдырамыз.
Айтолқын АЙТЖАНОВА