БЕДЕЛДІ БАНКТІҢ БЕЛЕСІ

Салтанатты шара барысында «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов пен өзге де банк өкілдері келіп, ұжым мүшелерін мерекемен құттықтады.
– Бүгінде салымшылардың саны 49 мыңға жуықтады. Мемлекеттік бағдарламалармен бастау алып, "Қолжетімді баспана-2020", "Орда" өңірлік тұрғын үй, "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" бағдарламалар аясында көптеген жерлестереміз пәтер кілтіне қол жеткізді. Сондай-ақ, мұндай игі бастамалар Елбасының тұрғын үй ипотекасын қолжетімді ете алатын "7-20-25" жаңа бағдарламасымен өз жалғасын тапты. Осындай мемлекеттік қолдаудың негізінде Қызылорда халықты баспанамен қамту мәселесіне келгенде Астана қаласынан кейінгі екінші орында тұр. Бұл – өңірде тұрғындарға аталмыш бағытта қолдау көрсетуде жағдай жасалғанының дәлелі, – дейді "Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев.
Сондай-ақ, жиын барысында банктің Қызылордадағы филиалының негізін қалаушы Жүсіп Тасқынбаев құттықтап, үздік қызметкерлер мен әлеуметтік желіде ұйымдастырылған байқаудың жүлдегерлерін марапаттады. – Мен бүгін сайыс жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын. Өзім осы банктің тұтынушысымын. Осыдан үш жыл бұрын "Арай-2" мөлтекауданынан үй алып, қоныс тойын тойладым. Одан кейін де аталмыш банктің жаңалықтарына құлақ түріп отырамын. Бүгінде бұл қаржы компаниясының тұрақты салымшысына айналдым, – дейді қала тұрғыны Анар Ибрагимова.
Айта кетейік, "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ – еліміздегі осы бағыттағы жүйені жүзеге асыратын бірден-бір құрылым. Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына және халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кірген банк қазіргі таңда халыққа бар мүмкіндікті ұсынып келеді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.