Ерлік есеппен жасалмайды
Ауған соғысы ерлік пен қасірет қатар суреттелетін тарих. Осынау ауыр да азапты ұрыс даласында жалындағын қазақ жастары да қолға қару алып, интернационалдық борышын өтеді. Ерлік есеппен жасалмайды. Ол парыз мен қарыздың дәнекері.
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл. Осыған орай, «Ауған. Сөнген шоқ, өшкен арман...» атты жауынгерлерді еске алу митингісіне облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты.
Сонымен қатар, шараға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ауған соғысының ардагерлері, әскери қызметшілер мен «Жас сарбаздар» қоғамдық ұйымы мүшелері келді.
Тарихқа үңілсек, Ауған соғысына қазақ жерінен 22 мыңнан астам жауынгер қатысқан. Ал, Сыр өңірінен 800-ден аса азамат қатысып, 18 адам қаза тапқан. Олардың қатарында Қызылорда қаласынан Серік Баймаханов, Нұрулла Абдуллаев, Тұржан Монтаев, Аманжол Жампейсов, Жұмабай Әбілқасымов, Шайхслам Қожахметов, Батыржан Шалғынбаев, Рысбай Байданов бар.
Еске алу шарасында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов сөз сөйлеп, қанша жыл өтсе де бұл күнді еске алу жауынгерлер үшін оңай емес екенін жеткізді.
– «Батырлық – табиғаттың бере салған сыйы емес, бұл – патриоттың өз борышын орындау үшін қауіп-қатерге қарсы баруға өзін-өзі саналы түрде зорлауының нәтижесі» – деген Бауыржан Момышұлының сөзі бар. Сондықтан да дана халқымыз: «Батыр өлмейді, мерт болады» – деп айтады. Ауған соғысында 50-ден аса азаматымыз мемлекеттік наградалар – «Қызыл жұлдыз» ордені және «Ерлігі үшін», медальдерімен марапатталды. Сіздер Ауған жеріндегі халықтың бейбіт өмірін қорғауға қатысып, азаматтық борышты асқақ абыроймен атқардыңыздар. Баршаңызды Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл толу шарасымен құттықтаймын. Елімізге ынтымақ пен бірлік, тыныштық тілеймін, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, «Ауғанстан соғысы ардагерлері» ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов бұл күн ауған соғысына қатысқандар үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін маңызды екенін атап айтты. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
Бір айта кетерлігі, облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы да ауған соғысының ардагері.
Тағылымды шарада ауған соғысында қаза тапқан сарбаздардың рухына құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды.
«Ақмешіт-ақпарат»