Жаңа кен орындарын ашу жоспарлануда
Бүгінгі таңда аймақта мұнай өндірісі төмен көрсеткішке ие. Кен орындарының сарқылуы өз кезегінде барлық саланың дамуына, бюджеттік өсімге, мұнай кәсіпорындарының қызметіне әсер етуде.
Сондықтан жаңа кен орындарын ашу, газ өндіру мен өңдеу көзделуде. Аталған салаға жаңа технологины енгізу де қарастырылады.
– Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қызылорда облысын дамыту мәселелері қаралған кезде, осы саланы дамыту, жаңа кен орындарын барлау, газ өндіру және өңдеу мәселелерін үлкен блок етіп көтердік.
Қызылорда облысының кешенді дамуына қатысты осы және бірқатар мәселелер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. 2020 жылы Шу-Сарысу шөгінді бассейнінде мұнай-газ перспективалы құрылымдарын анықтау мақсатында жер қойнауын зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастаймыз. Ол үшін биыл республикалық бюджеттен 600 млн. теңге қарастырылып отыр, – деді аймақ басшысы есепті кездесуде.
Биыл жаңа өндіріс ошақтарын ашу үшін бірқатар жұмыс атқарылады. Оның ішінде «Оңтүстік Торғай және Сырдария» шөгінді бассейндерін, «Талап» қорғасын-мырыш кен орнын және «Ақ еспе» титан-цирконий кен орнын барлау көзделген.