Ата-ананың қадірі
Қиялға қанат бітіріп, оймақтай ойға өріс берсең, адамның өмірі қанаты талмай ұшатын құс секілді. Ұядан қияға қалықтайсың, шырқау биікке көтеріліп, самғайсың. Шарықтау шегіне жеткенде өз отбасыңды құрып, отауыңның шамын жағып, ұрпақ өсіресің. Жұмыр басты пенденің пешенесіне жазылған сан қиындықты көріп, жапырағыңды жайып, көгеріп көктеп жеміс бересің. Ұрпақ өсіресің. Тағылымды өмір тараулары осы жерден басталады. Құс екеш құс та өз балапанына тазалық пен шынайылықты, мәрттік пен қайсарлықты қанына сіңіреді екен. Өтірік өрге баспайтынын, әділдік салтанат құратынын осынау парасатты мысалмен шебер бейнелеген.
Баяғыда таудың қиясында ерекше бір қасиетті қыран өмір сүріпті. Өзгелерге өрлігімен өнеге болған әлгі бүркіт бір жылы өмірінде бірінші рет үш балапан басып шығарыпты. Балапандардың қанаты қатайып, ұясынан ұшып шығуына аз уақыт қалғанда оларды уысына қысып, теңізге алып шығыпты. Ұшып келе жатып ол балапандарынан былай деп сұрапты:
– Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп бағып-қақтым. Ертең өскесін, маған қандай жақсылық жасайсыңдар?
Біріншісі айтыпты:
– Анашым, сенің ақ сүтіңді ақтау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Мен сені өмір бойы қанатыма мінгізіп алып жүрем. Дүниенің төрт бұрышын түгел аралатам, таңғажайып тамашаны көзіңмен көретін боласың.
Бүркіт басын шайқап, балапанын теңізге тастап жіберіпті. Ол теңіз тұңғиығына батып кете барыпты. Сосын екіншісіне бұрылып:
– Ал сен не айтасың,– депті.
Екіншісі айтыпты:
– Анашым, мен сені ел аралатып, босқа әуре қылмаймын. Ғаламның барлық кереметі мен қызығын алдыңа әкеліп беремін. Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда болады.
Бүркіт тағы да басын шайқап, уысын жазып жібергенде, екінші балапан да біріншінің күйін кешіпті. Бүркіт үшінші балапанына бұрылып, жарықшақ толы дауыспен былай депті:
– Ал, сен мені қалай жарылқамақсың?
Сонда үшінші балапан:
Анашым, өтірік қанша тәтті болса да, саған ащы ақиқатты ақтармасқа амалым жоқ. Маған жасаған жақсылығының шеті де, шегі жоқ екенін, оны өтеуге менің барлық ғұмырым жетпейтінін жақсы білемін. Дегенмен, менің өмірім сені әлемді аралатуға да, сан түрлі ғаламатты алдыңа әкелуге де арналмайтынын айтқым келеді. Мен, сенің маған жасаған жақсылығыңның барлығын өз балапандарыма жасау үшін өмір сүретін боламын.Кәрі бүркіт сонда ғана көкірек кере терең дем алып:
– Біздің әулет аманатын алға апарар, қыран деген атқа лайық ұрпақ дүниеге келгеніне көзім енді жетті,– деген екен.
Міне, осы керемет аңыз өз пендесіне ғибрат алу үшін жазылған. Адам өмірге әкелген анасына таудай жақсылық жасағанмен, оның түн ұйқысын төрт бөліп, жыласа түнде оянып, мұздай бесік таянып өткізген бір күнінің ғана парызын өтейді екен. Жапырақтай кезінен аялы алақанына салып, іңгалаған перзентін сылап-сипап, бауырына қысып, мейірім төккенмен, кейде өскен соң сол баладан жылы сөз естудің өзі қиын болады.
Қыран бүркіттің балапаны айтқандай ата-анасына жақсылық жасауға өзегіңді жарып шыққан перзентіңнің көбінде ниеті болғанмен, жағдайы болмауы мүмкін. «Бар бала жабылып, ата-анасын баға алмайды. Ал ол екеуі ұядағы шүпірлеген балапандарын көпсінбей өз қолы аузына жеткенше тамақтандырып, киіндіріп, адам қатарына қосады. Болашақ өмірі қалай болады деп уайым кешеді. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалып, жиып-тергенін бала игілігі үшін жұмсайды. Бұл – өмірдің басты қағидасы. Өзі жасаған жақсылығының өтеуін бауыр еті – баласынан сұрау жүрегі мейірбан анаға оңай соқпайды. Қыран бүркіт секілді теңіздің түбіне балапанын тастау үкімі адамзат баласының маңдайына жазылмаған. Бұл әрине, тек мысал ғана. Бірақ оның тереңінде адам үлгі алатын қаншама парасатты дүниелер жатыр. Өз қолыңнан келмейтін уәдені беріп, иландыруға тырыспа. Шамаң келетін жақсылығыңды жаса. Өтірік өрге баспайды, ақиқатын айтып, таразылап әділ өмір сүр дегенді меңзейді.
Сайып келгенде, ата-ана балаларына бүкіл өмірінің сәулелі сәттерін арнап, құрақ ұшып қызмет жасағанмен, оның өтеуі перзенттерінің немере, шөбере өсіріп, әулеттің тамырын тереңге жіберумен өлшенеді екен. Әулет аманатын алға апарар адам деген атқа лайық ұрпақ өсіруді Алла бәрімізге нәсіп етсін!
Гауһар Асқарқызы