Ел тілегін алып ұш...

Кептер құсының өз дағдылары бар көрінеді. Топтала ұшып, шыр көбелек айналып әсем қимылдар жасайды. Олардың бұл әрекетін бақылап отыру Кенжебек үшін бір қуаныш. Құстың бұл түріне ұшқырлық, алғырлық, ойыншылдық атты қасиеттері тән. Ал, кейбір жағдайда көгершіндерді торда ұстауға тура келеді. Әсіресе, қысқа тұмсықтылар нәзіктеу болады. Бағасы да удай қымбат.
Әңгіме барысында ол кісі қызыл аяқ кептерлерін ерекше жақсы көретіндігін жеткізді. Себебі, оны балапан кезінен асырап бағып отыр. Кептердің өз иесіне әбден бауыр басқан. Алақанынан жем жейді. Ешбір үрке қоймайды.
Бір кептерден екі балапан шығады. Ал бір жаз айында алты кептерден он екі балапан шығарады. Жаңа дүниеге келген балапан болса он сегіз күнде жетіліп, 1 жарым айда қанат қағады.

Әңгіме барысында алдағы жоспарымен бөліскен ол болашақта күтіміндегі құстар қатарын толықтырып, үлкен жылыжай жасау ойында бар екенін жасырмады. Онымен қоса ойында шәкірт тәрбиелеу де жоқ емес. Кептерлер негізінен мәстік және тәжілі кептер болып екіге бөлінеді. Олар қысқа төзімді болып келеді. Сондықтан қыста жылы жаққа ұшып кетпейді. Бір қызығы, көк кептерлердің емдік қасиеті де мол көрінеді. Адамдардың нерв жүйелерін тыныштандыруда аталмыш жаратылыс иелерінің ықпалы орасан деседі.
Кенжебек ағамызбен жүздесуден кейін "Ақ көгершін" әні ойымызға оралды. Әдетте, оларды бейбітшілік құсы деп бағалаймыз. Сондықтан ән жолдарындағы "Ел тілегін алып ұш, мұхиттың арғы жағына..." деген сөз тіркестері тіл ұшына оралады. Кептерлер көкте қалықтағанда ерекше сезім бойыңды билей түседі...
Арайлым АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.