ЖАНҒА ЖАЙЛЫ ДЕМАЛЫС КЕШЕНІ
Тұңғыш Президент күні қарсаңында облыс орталығында заманауи «Керемет» сауықтыру кешені өз келушілеріне есігін айқара ашты. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында мерекелік сый ретінде жеке кәсіпкер «Жапбарбергенов» Жібек жолы даңғылының бойынан осы орталықты пайдалануға берді. Салтанатты шараға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
̶ Осындай ұлық мереке қарсаңында облыс орталығында тағы бір жаңа кәсіпкерлік нысанның ашылуы көңіл қуантарлық жағдай. Бұл дегеніміз ̶ тұрғындарға сапалы қызмет көрсетудің нақты көрінісі. Осылайша, аймақ экономикасын өркендетумен бірге әлеуметтік салаларды дамытуға да үлкен мүмкіндік ашылып отыр, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысы тұрғындарға қажетті, жанға жайлы демалыс орындары санын арттырған жоба жетекшісіне алғыс білдірді.
«Керемет» сауықтыру орталығының жалпы құны ̶ 360 млн. теңге. Оның 140 млн. теңгесі «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие түрінде берілген. Кешеннің жалпы аумағы 4 мың шаршы метр. Мұнда 50 көлікке арналған автотұрақ бар. Қаланың орталық бөлігіндегі 3 қабатты нысанда бассейн, фитнес залы, дәмхана, шаштараз және өзге де қосымша қызметтер бар. Заманауи талаптарға сай келетін, сәулеті келіскен ғимарат бір сағатта 120 адамға қызмет көрсете алады. Ең маңыздысы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды басты мақсат тұтқан, әлемдік стандартқа сай келетін бұл кешен 22 адамды тұрақты еңбекпен қамтып отыр.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.