ҚАРМАҚШЫДА СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ
Жеке кәсіпкер Рагибова Гукчак ІІІ-Интернационал ауылының тұрғыны. 2016 жылдан бері «Талас» жеке шаруа қожалығын басқарып келеді.
Қожалық 40 гектар жерге күріш егумен және мал шаруашылығымен айналысады. Жеке кәсібін әрі қарай дамытып, заман талабына сай әртараптандыру мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында қызмет көрсету кешенінің құрылысын бастап, бүгінгі күні іске қосып отыр. «С» санатты "Ақсарай" аталған кешеннің ашылу салтанатына аудан әкімі С.Мақашов қатысып, аудан тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Жол бойы кешені «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойында ІІІ-Интернационал ауылы тұсында орналасқан (1679 км +880м шақырым). Кешенінің жобасы «жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, жол бойы сервис объектілеріне және олардың қызметтерінің талаптары» нормативтік құжатында көрсетілген стандартқа сәйкестендірілген. Жоба ағымдағы жылдың 4 мамырында облыс әкімі жанындағы қала-сәулет құрылысы Кеңесінің шешімімен мақұлданған болатын. Кешенде 120 орындық тамақтану орны, 50 орындық кафе-бар, қонақ үй, сауда дүкені, монша, автокөлік жөндеу және жуу орталығы, жеңіл және жүк көліктеріне арналған автотұрақ пен эстакада, жазғы демалыс орны, жылыжай және газ құю бекеті орналасқан. Жалпы құны 350,0 млн. теңгені құрайтын кешенде, әзірге жергілікті 18 тұрғын жұмыспен қамтылған.
Айта кетейік, жол бойындағы сервистік қызмет көрсету бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Қармақшы ауданына тиесілі бөлігінде 4 жол бойы сервистік қызмет көрсететін нысан жұмыс жасап тұр, ал қалған 1 нысанның құрылысы жүргізілуде.