Қазгидромет бірнеше өңірде ескерту жариялады
Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше өңірде ескерту жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 27 ақпанда түнде және таңертең Түркістан облысының кей жерлерінде қатты жаңбыр жауып, солтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20, 25 м/с артуы мүмкін. Кей жерлерде тұман, көктайғақ күтіледі. Түркістан қаласында түнде солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с жетеді.
Шымкент қаласында түнде қатты жаңбыр жауып, солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с артады.
27 ақпанда Қызылорда облысының кей жерлерінде түнде көктайғақ күтіледі. 27-29 ақпан аралығында сондай-ақ тұман болжанады. 27 ақпанда түнде және таңертең, 28-29 ақпанда тәулік ішінде солтүстік-батыстан, батыстан соғатын жел оңтүстік-шығысқа ауысып, күші кей жерлерде 15-20 м/с болады. 27 ақпанда Батыс Қазақстан облысының кей жерлерін тұман басады.
Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз кей жерлерде 15-20 м/с жетеді. 27 ақпанда Орал қаласында тұман, оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы күндіз 18 м/с болатыны күтіледі.
27 ақпанда Қостанай облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғып, күші 15-20, 23-28 м/с артады.
27 ақпан күні Қостанай қаласында бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с жетуі ықтимал. 27 ақпанда Маңғыстау облысында шаңды дауыл тұрып, оңтүстік-шығыстан соққан желдің күші кей жерлерде 17-22 м/с жетеді. Актау қаласында күндіз шаңды дауыл күтіледі, оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 17-22 м/с.