Қазақтан қыз алып, мың жылдық құда атандық
Мен 1961 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Бір қызығы ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол өзім туылған үйде тұрып келемін.
Осында оқу оқып, тұрмыс құрып, балалы-шағалы болдым. Қазіргі таңда аялуы ана, асыл әже атанып отырмын.
Менің өскен ортам қазақтармен тығыз байланысты болды. Бала кезімінен бастап қазақ балаларымен бірге өстім, дос болдым.
Бүгінгі таңда біз, қазақтан қыз алып, мың жылдық құда болып отырмыз. Әрине құда болар тұста қазақ халқының барлық салт-дәстүрін түгендеп келінімізді ата-анасының қолынан ұзатып алдық. Екіжақты алыс-беріс жасап, нағыз қазақша той жасадық.
Қазақ ағайындармен құда болғаннан бері шаңырағымызда қазақы салт-дәстүрлерде қатар жүріп келеді. Қонақ келсе әдеттегідей қазанды толтырып ет асамыз, нан жаямыз. Қазақ халқы мен өзбек халқының салт-дәстүрлері мен мәдениеті ұқсас келгендіктен арамызда ешқандай айырмашылықтар жоқ.
Сонымен қатар айналамыздағы ағайын-туыстарымызда қазақтан қыз алып, қыз беріп тату-тәтті тіршілік етіп келеді. Жалпы берекелі шаңырақтың бастауы береке-бірліктен, тату-тірліктен басталады. Біздер шаңырағымызда әрдайым бірлік пен татаулықты ту етіп, бейбіт күн кешіп келеміз.
Бүгінде өңіріміздің қоғамдық, саяси өміріне белсене атсалысып жүрмін. Облыстық өзбек этномәдени бірлестігі басшысының орынбасарымын және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесімін. Бұл жұмыстарды атқарудағы басты мақсатымыз болашақ ұрпақты бірлікке, достыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Келешек жас ұрпақ біздің жарқын болашағымыздың кепілі деп айтқым келеді.
Абдугафарова Манзура Мадкаримовна,
облыстық өзбек этномәдени бірлестігі
төрағасының орынбасары