ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЕСЕП БЕРУДЕ
Бүгінгі күндері қалада әр депутаттың өзі сайланған округінде ел алдында есеп беру шарасы жүргізілуде. Өткен аптада қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова №5 И.В.Панфилов атындағы мектеп-лицейде өзіне сенім артқан жұртшылықпен жүздесті.
Халық қалаулысы №11 М.Мәметова атындағы сайлау округінен халықтың басым дауысына ие болды. Қаланың орталық бөлігін қамтитын округте 7500-ден аса сайлаушы бар. Депутат өз сайлаушыларымен кездесуінде жыл бойы атқарылған жұмыстар жайында сөз қозғады. Жалпы, осы аумақтағы мектептердің білім беру сапасы жоғары. Тәрбие жұмыстары да бір жүйеге қойылған. Мектепішілік және құқық қорғау органдарында есепте тұрған балалар жоқ.
Өткен жылы №5 мектеп – лицейге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл жылу жүйелері жаңарды. Ал, №23 мектепке күрделі жөндеу бойынша жоба-сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптама қорытындысы әзірленіп қойылған.
Жергілікті тұрғындардың және жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында ашық аспан астында биыл заманауи қондырғылармен жабдықталған 20 спорт шынығу алаңы салынуда. Соның екеуі осы аумақта орын тепкен, – деді мәслихат хатшысы.
Округтегі ірі әлеуметтік нысандардың бірі – №1 қалалық емхана. Мұнда 40 мыңнан астам тұрғынға мамандандырылған 22 қызмет түрінен медициналық көмек көрсетілуде.
– Зерттеуіміз бойынша, емдеу нысанындағы басты мәселе – ғимараттың тарлығы. Емхана ғимараты 1972 жылы пайдалануға берілген, типтік емес. Ғимаратты кеңейту үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленген. Дегенмен, әзірге толық шешімін тапқан жоқ. Әйткенмен, бұл назардан тыс қалмайды, – деді Р.Боханова.
Сондай-ақ, осы аумақта 70-ке жуық көпқабатты үй бар. Олардың салынғанына 30-50 жылдай уақыт болған. Инженерлік жүйелерінің тозығы жеткен. Бүгінгі күнге коммуналдық шаруашылықты қайта жаңғырту жобасы аясында округ бойынша 13 үй күрделі жөндеуден өткізіліп, нәтижесінде тұрғындардың коммуналдық мәселелерге байланысты шағымдары азайып отыр. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша біршама жұмыстар атқарылды.
– 2018 жылы Сырдың бас қаласы – Қызылорда 200 жылдығын атап өтеді. Мерейлі мерекеде мәдени көпшілік шаралармен қоса қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыратын ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Қалалық мәслихат депутаттары атқарушы билікпен, азаматтық қоғам институттарымен бірлесе отырып, бұл мақсатта тиісті шаралар атқарады, – деді Р.Боханова.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.